Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Саддам Хусейннің қызы бірінші рет әкесі жайлы сұхбат берді

ЭР-РИЯД. 26 ақпан. Ирактың марқұм лидері Саддам Хусейннің қызы Рагад Саудияның «Әл-Арабия» телеарнасында сұхбат беріп, бірінші рет әкесі жайлы сөз қозғады. Бұл туралы Мысырдың NoonPost басылымы хабарлады.

Рагад Саддам Хусейн соңғы 15 жылдан бері БАҚ-тің бетінде де, араб телеарналары экранында да көрінген емес.

Ол Саудия телеарнасына берген сұхбатында өзінің әкесі, балалық шағы, Хусейн Камалмен қалай отау құрғаны мен оның өлімі, Ирактың Кувейтке не үшін басып кіргені, елдегі қазіргі ахуал жайлы айтып берді. Экс-президенттің қызы елді өз әкесі басқарған уақыттағы жағдай мен ол дарға асылғаннан кейінгі кезеңді еске түсірді. Оның айтуынша, Бағдат режимі құлағаннан кейін бұрынғы президенттің отбасысы өте көп қиындықтарды бастан кешкен. Олар Сирия мен Иорданияның арасында көшіп жүрген.

«Бұрын халықтың құрметі бар еді, – дейді Рагад. – Оны ешкім ренжіте алмайтын. Елдің игілігін жұрттың бәрі бірдей көрді. Халықтың ертеңгі күнге деген сенімі болды, олардың балалары қауіпсіз өмір сүрді, тіршілік ететін нәпахасыз да болмады».

Жүргізушінің «Саддам Хусейннің тұсында бостандық болмады» деген уәжіне Рагад: «Ал бостандық дегеннің өзі не? Егер ол диктатураны жойып, оның орнына демократияны әкелу деген сылтаумен басқыншылық жасауды әкелетін болса, ирактықтарға мұндай бостандықтың керегі жоқ» деп жауап берді.

Әңгіме елдегі бүгінгі жағдайға қарай ойысқанда, Саддам Хусейннің қызы Ирактың қазіргі кезеңдегі басты проблемасы ретінде елдің екіге бөліне бастауын атап көрсетті. Бұған ол Иранды айыптады. «Ирандықтар заңды биліктің жоқтығын пайдаланып, Иракты басып алып, оны табыстың оңай көзіне айналдырып алды. Оған тегеурінді қарсылық жоқ, себебі, Иранның араласуы кең ауқым алып кетті», – деді ол.

Әңгіме Саддам Хусейннің өзінің айналасындағы адамдармен қарым-қатынастағы қатыгездігі жайына ауысқанда, Рагад өзінің балалық шағын, балалармен бірге балық аулауға, суға түсуге, атқа мінуге барғаннан кейін үйге келгендерінде әкесінің өздерін сүйіп қарсы алатынын еске түсірді. Ал өз күйеуінің өлтірілуін тайпалық акт болғанын деп түсіндіруге тырысты.

Жүргізуші соңында Рагад Хусейнен елдің саяси өміріне араласатын-араласпайтынын сұрағанда, ол келешекте мұның да болуы мүмкін екенін сездірді.

Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн елге 2000 жылдың басында АҚШ басып кіргеннен кейін тақтан тайдырылды. Ол 2006 жылғы 30 желтоқсанда Ирак сотының үкімімен дарға асылды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button