Қырғызстан президенті екінші сапарын Өзбекстанға арнайды
БІШКЕК. 26 ақпан. Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаров өзінің мемлекет басшысы ретіндегі екінші сапарын Өзбекстанға арнағалы отыр. Бұл туралы CentralAsia.Uz хабарлады.
Осы жайындағы ақпар Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды. Бірақ нақты мерзімі атап көрсетілмеген.
Министрліктің мәліметінше, бұл мәселе жөнінде екі ел сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары арасында келіссөз жүргізілген. Келіссөз барысында тараптар Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Өзбекстанға ресми сапарына дайындық пен оны өткізу жайын талқылаған. Сондай-ақ алдағы болатын жұмыс сапары Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камаловтың Қырғызстанға сапары кезінде де талқыланған.
Мұның алдында, 24 ақпан күні Қырғызстан президенті өзінің бірінші шетелдік сапарын Ресейден бастаған еді. Онда Садыр Жапаров Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас жайын ортаға салды.