Мексикалықтар Димаштың арқасында қазақша үйреніп жатыр
АСТАНА. 17 ақпан. Мексиканың байтағы – Мехико қаласында бір топ энтузиаст қазақ тілін үйренуді бастап кетті. Бұл туралы Nege.kz хабарлады.
Портал мұны әлеуметтік желіде Еркін Байғабылұлы жазған жазбаға сүйеніп жариялап отыр.
Хабарда мексикалық бір топ тұрғынның Мехикода орналасқан Қазақстан елшілігіне барып, өздеріне қазақ тілін үйретуді сұрағандары баяндалады. Олар елшілерге мұның себебін Димаштың ана тілінде шырқаған әндерінің мазмұндарын түсіну үшін жасағылары келетіндерін айтқан. «Біз – Димаш Құдайбергеннің фанаттарымыз, сондықтан жақсы көретін әншіміздің ана тілін үйенгіміз келеді», – дейді олар.
Бұдан кейін елшілік дереу 3 айлық қазақ тілі курсын ұйымдастырады. Мехиколықтар қазақ тілін испан тілінде түсіндіру арқылы оқытуды сұрайды. Сәтіне қарай, дипломаттарымыз Назарбаев университетінде қызмет атқаратын қазақ тілін үйреніп алған мексикалық Сандра Абила атты бойжеткенді тауып, курсты жүргізу жөнінде өтініш білдірген. Ол үш ай бойы 100-ге жуық мехиколыққа қазақ тілін үйретеді.
Қазірге кезде олар елшілік қызметкері Алғаш Оспановқа хабарласып, «қазақ тілі курсы жыл бойы өтсе» деген өтініш айтып жатыр екен. Осыған орай дипломат әлемнің 24 ірі қаласында қазақ тілін үйрету сыныбын ұйымдастырған «Отандастар қорының» мамандарымен кеңесіп, бірлескен курс ашуды ұйымдастыруға кірісіп кеткен.
«Міне, өнердің құдіреті деген осы шығар. Біз мына жақта министрлерімізді қазақша сөйлете алмай жүрсек, Димашымыздың арқасында сонау Солтүстік Америкадағы мехиколықтар ана тілімізді үйреніп жатыр. Соған қарағанда олар Димаштың сол құрлыққа барамын дегенін де біліп алған сыңайлы», – деп жазады Еркін Байғабылұлы.