Ресейде Путин саясатына қарсылық акциялары жүріп жатыр
МӘСКЕУ. 24 қаңтар. Ресейдің көптеген қалаларында президент Владимир Путиннің елді басқаруы мен оның саясатына наразылардың қарсылық акциялары жүріп жатыр. Бұл туралы «Свобода» радиосы хабарлады.
Сенбі күні Ресейдің ондаған қаласында билікке қарсылық акциясы мен қамаудағы оппозиционер Алексей Навальныйға қолдау көрсету қозғалысына қатысушы 3,5 мың адам ұсталды.
«ОВД-Инфоның» мәліметі бойынша, жексенбі күні Мәскеу уақыты бойынша сағат 15:00-де ұсталғандардың саны 3564-ке жеткен. Бұл – Ресейдің қарсылық қозғалысы тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Мәскеуде 1400-ден аса адам қамалған. Ал Петербургте ондайлар саны 500-ге жеткен.
Ресейде соңғы екі күнде 100-ден аса қалада қарсылық акциялары өткен. Олардың бәрінде көшеге шыққан адамдардың жалпы саны 100 мыңнан асып түскен. Ең кең ауқымды қозғалыстар Мәскеу мен Петербургте орын алған. Мәскеуде, мысалы, әртүрлі болжам бойынша, 20-40 мың арасында адам осы акцияға қатысқан. Қарсылық қозғалысына шығушылар Алексей Навальныйды қамаудан босатуды талап етіп, өздерінің Владимир Путин басқарған биліктің саясатымен келіспейтіндерін білдірген.