Тыва қызы Азия сұлулық байқауында жеңіске жетті (видео)
КЫЗЫЛ. 14 желтоқсан. Тываның Чечен Кыргыс есімді қызы «Азия келбеті-2020» халықаралық сұлулық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл туралы ARD хабарлады.
Конкурсқа Азияның 23 елінен 79 модель қатысқан.
Мұны қыздың өзі Instagram-ға жазды.
Биылғы жылы конкурста Untact Face of Asia эпитеті пайда болды. Ондағы untact сөзі «онлайн», яғни «бетпе-бет байланыссыз», «контактісіз» деген мағынаны білдіреді.
«Мен қатардағы көп отбасының бірінен шыққан қарапайым ғана қызбын, күллі Азияның ең ауқымды сұлулық байқауында жеңіске жеттім. Бұл – нағыз ертегі. Осыған қолым жеткен кезде бойыма құйылып келген қуаныш сезімінен қатты толқыдым», – деп жазды Чечен Кыргыс.
Тыва басшысы Шолбан Кара-оол қызды зор жеңісімен құттықтады. Оның айтуынша, «республикадан шыққан тұлғалар биыл тек ресейлік қана емес, сонымен бірге халықаралық деңгейдегі жарыстарда да бас айналдыратын табыстарымен елін қуандырып жатыр». Жақында ғана «Сен суперсің!» деген музыкалық байқаудың төртінші маусымында Тываның екі жас әртісі – Ай-Кыс Кыргыс пен Денберел Ооржак жеңімпаз атаныпты.
Чечен Кыргыс бұған дейін бірнеше рет сұлулық байқауына қатысқан екен. №1 Шагонар мектебінің түлегіне алғашқы табыс 2012 жылы келеді. Ол Кызылда өткен «Азия аруы» халықаралық сұлулық байқауында жеңіске жетеді.
2016 жылы Чечен Улан-Баторда өткен моңғол ұлттарының халықаралық сұлулық байқауында лайықты өнер көрсетіп, «ұлттық қазына» номинациясымен марапатталады.
Қыз Кызыл медицина училищесін бітіргеннен кейін Кемер медицина академиясына түскен. «The Korean Times» газеті атап өткендей, Тывадан шыққан студент қыз қазір ковидпен ауырған науқастарға көмектесіп жүр. Дәрігерлік қызметінен қолы бос кезінде фото және видео түсірілімдерге қатысады.
Айтқандай, «чечен» деген сөз тыва тілінде «сөзге шебер», «шешен» деген мағынаны білдіреді. Біз бұл сөзді «шешен» деп айтамыз.