Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Акопян: Армения билігі Қарабақ жөнінде кілең өтірік айтты

ЕРЕВАН. 20 қараша. Армения қарулы күштері бас штабының бұрынғы бастығы Мовсес Акопян ел билігінің соғыс кезінде Таулы Қарабақтағы оқиғалар жөнінде 100 пайыз өтірікке құрылған ақпар беріп келгенін мәлімдеді. Бұл туралы News.am хабарлады.

Армения қарулы күштері бас штабының экс-бастығы, қорғаныс министрлігінің әскер-бақылау қызметінің бұрынғы жетекшісі отандастары үшін ыңғайсыздау болғанымен, Қарабақ соғысы жөніндегі бар шындықты ашып айтты. Ол қызметтен 5 қазан күні кетіп еді. Бірақ соғыстың қызып жатқан кезінде армияға зияны тиіп кетпеуі үшін бұл жайында үндемепті.

Мовсес Акопян премьер-министр Никол Пашинян «қабырға астында тістеніп жүргендермен», яғни өзіне қарсы бой көрсетуші әскери қызметкерлермен арадағы мәселені шешіп алу үшін оларды Ереванға шақырған кезде өзінің отставкаға кетуі туралы мәселеге түпкілікті тоқталған екен.

«Соғыстың 44 күні бойы халыққа тек қана жалған ақпарлар таратылып тұрды, бұл кейін Армения жұртын терең дағдарысқа апарып тынды», – деп атап көрсетті ол. «Ақпарат орталығының басты міндеттерінің бірі дұшпанды осылай адастырып тұру болды», – дегенді айтты сосын. «Бірақ әскерилер қолданатын мұндай тәсілдің де өз стандарты бар, сыртқа тарататын жалған ақпардың шамасы 30 пайыздан аспауы керек, ал Армения билігі өтіріктің өлшемін 100 пайызға дейін жеткізді», – деді Акопоян.

Бас штабтың бұрынғы бастығы әскерилер мен азаматтық тұрғындар арасында көптеген сұрақтардың туындап жатқаны да содан екенін мәлімдеді. Пікірлердің қайшылығы ақырында халықты көшеге алып шықты. Егер олар басынан армян әскерлерінің майданның барлық шебінде күйрей жеңіліп жатқанын білгендерінде, бұлайша теңселіп кетпес еді, қайта соғыстың тезірек аяқталуына ықпал еткен болар еді. Осындай өтіріктердің салдарынан қаншама боздақ босқа қырылып кетті.

Армения халқы өздерінің Никол Пашинян бастаған билік тарапынан ұдайы оңбай алданып келгендерін енді ғана түсіне бастаған сияқты.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button