Сербия Ресей құрамасын 5:0 етіп талқандап шықты
БЕЛГРАД. 19 қараша. Футболдан Сербия құрамасы кеше түнде Ұлттар лигасының топтық соңғы ойынында Ресей командасын 5:0 етіп талқандады. Бұл туралы «Лента.ру» хабарлады.
Бас жаттықтырушы Станислав Черчесовтің командасы бұған дейін өз тобында бірінші болып келе жатса да, мына жеңілістен кейін элиталық дивизионға өте алмай қалды.
Матч 18 қараша күні түнде Белградта өтті. Алаң иелері бірінші таймның өзінде-ақ меймандар дарбазасына жауапсыз төрт доп соқты. Осылайша осының алдында қонақта Түркиядан 2:3 болып жеңіліп қалған ресейліктер қатарынан екінші ойын жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды.
Бұдан бір күн алдын Германия құрамасы Мадридте Испания бас командасынан 0:6 есебімен күйрей жеңілген еді. Немістер 1931 жылдан бері мұндай ірі жеңіліске ұшырап көрмеген екен. Енді Ресей құрамасы да тап осындай сенсациялық ұтылысқа ұшырап отыр. Ресейліктер бұған дейін сербиялықтармен 5 рет кездесіп, соның 3-інде ұтып, 2-інде тең ойнаған. Атап айтқанда, 3:1, 2:1, 1:0 есептерімен жеңген болса, 1:1 деген есеп қайталанды. Доп айырымы – 8:4, Ресейдің пайдасында болды. Ал енді бұл айырма бірден 8:9 болып өзгеріп шыға келді.
Ресей құрамасының сапында бұл жолы да Дзюба, Марио, Головин, Зобнин, Шунин және Семенов секілді бұрынғы белді футболшылар болған жоқ.
Командалар мына құрамда ойнады:
Сербия: Райкович, Миленкович, Митрович, Спаич, Радоньич (Влахович, 31), Ристич, Гудель (Зделар, 90), Максимович (Гачинович, 46), Младенович (Ранджелович, 90), Йович, Митрович (Павлович, 90).
Россия: Гильерме (Джанаев, 46), Караваев, Дивеев (Евгеньев, 46), Джикия, Жирков, Кузяев, Оздоев, Ерохин, Ал. Миранчук (Мостовой, 46), Заболотный (Черышев, 72), Ан. Миранчук (Обляков, 46).
Матчтың 10-минутында Неманья Радоньич есеп ашты. Бұған қонақтардан Далер Кузяевтің де қатысы болды. Осыдан кейін орыстар серпілген сияқты еді, бірақ алаң иелері 25-минутта Лука Йовичтің шеберлігімен екінші голды салып, үстемдігін еселеп жіберді. Ал таймның соңғы 4 минуты ішінде сербтер тағы екі допты қақпаға тоғытып, бұл басымдықты тағы еселеп қойды. Алдымен 41-минутта Душан Влахович мергендігімен көзге түссе, 45-минутта Йович дубль жасады. Кездесудің соңғы голын 64-минутта Филип Младенович соқты.
Станислав Черчесов үзіліс кезінде бірден төрт ойыншыны алмастырды. Бірақ бұдан қайран болмады.
Ойында ресейліктерде гол соғу мүмкіндігі болған жоқ па? Болды. Болғанда қандай! Басқаларын айтпағанда, тек Антон Зоболотный мен Денис Черышевтің әрбірі хет-трик жасайтындай мүмкіндіктерді пайдала алмады. Ал сербтердің барлық дерлік соққылары голға айналып жатты.
Осылайша Черчесовтың командасы топта 8 ұпаймен екінші орында қалып қойды. Бірінші орынға осы күні Түркияны 2:0 етіп ұтқан Венгрия 11 ұпаймен жайғасты. Сербтер болса, 6 ұпаймен үшінші орынға бекіді. Дәл осынша ұпайы бар түріктер 4-орында тұрақтады. Енді венгерлер элиталы А дивизионына аттанса, түріктер С тобына төмендейді.
Спорт шолушылары Ресей құрамасының осымен қатарынан алтыншы ойын жеңіс тойын тойлай алмай келе жатқанын да айтып жатыр. Сонымен бірге, бұл команда Черчесовтің тұсында бірінші рет осындай ірі жеңіліске ұшырап отыр. Құраманы ол басқарған 4 жылда мұндай жеңіліс болған жоқ еді. Ал тәуелсіздік жылдарында бұл жасақ Георгий Ярцевтің кезінде, 2004 жылы 13 қазанда Португалия құрамасынан 1:7 есебімен тізе бүккен болатын. Ярцев сол ойында есеп 1:6-ға жеткен кезде стадионнан кетіп қалған екен. Ал келесі, 2005 жылы көктемде командасы Эстониямен 1:1 болып ойнағаннан кейін ол басшылық шешімімен бас жаттықтырушылықтан қуылды.
Черчесовтің қазіргі жағдайы да содан артық емес. Ол да командаға берерін беріп біткен сияқты.
Айтқандай, кеше кешке Қазақстан құрамасы өз алаңында Литва командасынан 1:2 болып жеңіліп қалды. Бұл, әрине, сенсация емес, бірақ масқара екені анық. Дегенмен, біздің терме жамағат үшін үйреншікті нәрсе. Сондықтан бұларға ренжи де алмайсың. Бары сол ғой енді.