Блогер Орынбек Елбасына: Жастардың неге елден кететінін айтайын
ТҮРКІСТАН. 12 қараша. Түркістан облысының Мақтаарал өңірінде тұратын белгілі блогер Айгүл Орынбек Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, оны әлеуметтік желіге салды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Адам құқығын қорғаушы белгілі блогер мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан бірер күн бұрын «жағдай жасалып қойған елден жастар неге кетеді» деген сыңайдағы әңгімесіне жауап ретінде жазған. Дәлірегі, ана кісі: «Мен Қазақстаннан біреу басқа жаққа көшіп жатқанын естігенде уайымдаймын. Егер біз жағдай жасасақ, неге көшесіздер? Олар қайда, неге көшіп жатыр?», – деген екен.
Бұған Айгүл Орынбек былай деп тіл қатады:
«Құрметті Елбасы!
«Жастар елден не үшін кетіп жатыр?» деп сұрақ қойыпсыз, мен жауап берейін, қасыңыздағы шабармандарыңыз сізге айтпаған шығар.
Шенеуніктер ақпаратты өз пайдасына жеткізетініне көзім жетті.
Сол себепті сізге ашық айтайын.
Жастардың елден қашуына жемқорлыққа батқан жүйе кінәлі.
Бізде суы, жарығы, газы жоқ елдер бар екенін білесіз бе?
Білмесеңіз, келіңіз Оңтүстікке, қолыңыздан жетектеп жүріп көрсетейін.
Мемлекеттен қаражат жеткілікті бөлінген, бірақ оны әкімнің туысқаны, депутаттың інісі тендер арқылы жеңіп алып, жасамай кеткен. Бұл мен айтып отырған бір-ақ мысал.
Ауылдарда мәдениет үйі, кітапхана, спорт зал дегендер мүлдем жоқ.
Осыдан кейін жастар қашпағанда, кім қашады?
Цифрлық, техникалық тұрғыда әлем дамып жатқанда, қаланың өзінде интернет ұстамай тұрған елде кім тұрғысы келеді?
Халыққа соғылған үйлерді сапасыз қылып, оны екі есе қымбат бағада сатып жатқан елде кім тұрғысы келеді?
Айлығы банкке төлейтін ипотекасына жетпейтін елде кім тұрғысы келеді?
Мұнайы өзінен шығып, бензині үш есе қымбат сатылатын елде кім тұрғысы келеді?
Жастары зейнетке келген, ұйықтап отыратын депутаттары бар елде кім тұрғысы келеді?
Қалталарын толтырып, өзінен кейін жастарға жұмыс істеткісі келмейтін әкім ағашкалар тұрғанда, жастар елден кетпегенде, не істейді?
Айтарым да, жазарым да өте көп, егер шынында құлақ түрсеңіз.
Кетіп жатқан кілең білімді жас азаматтар.
Азаматтық қоғамы құрылмаған елде, әкімдердің былығын ашық айтып, қудаланған елде, болашақта ешкім қалмайды.
Жастар елде қалсын десеңіз, ауыл аймақтағы жергілікті басқару жүйесін өзгерту керек.
Ашық айтқаным үшін кешірім сұраймын, бізде әкімдер осылай шындықты айтқан халықты полиция арқылы қорқытып, кешірім сұратады.
Ол жайлы да айтып қояйын алдын ала».
Блогердің сөзінде қаншалықты шындық барын халық біледі. Өйткені, осы жұрт осында айтылғандардың бәрін өз бастарынан кешіп, көріп отыр.