Тихановская Беларусь билігі өкілдеріне ультиматум қойды
МИНСК. 13 қазан. Оппозиция өкілі Светлана Тихановская өзінің телеграмм-арнасы арқылы Беларусь билігіне қатысты үш тармақтан тұратын ультиматум қойды. Бұл туралы TUT.BY хабарлады.
Тихановская бұдан екі ай бұрын жұрттың сайлауда дауыс бергенін, сосын «өз дауыстарын қайтарып алу үшін көшеге шыққанда, бұған жауап ретінде оқ, кеспелтек, түрме камераларын және режимнің арсыз өтірігін алғанын» айтты.
Оның ойынша, қазір жағдай бұрынғыдан да күрделене түскен. «Сіздер бізді бұрыннан түрмеге қамайтынсыздар, ал қазір одан да бетер қорқытатын болдыңыздар. Сіздер ер кісілерді бұрыннан ұратын едіңіздер, ал қазір әйелдерді, балаларды және қарияларды ұратын болдыңыздар. Бұл үшін диалогқа келем деп ойламаңыздар. Бұларыңыз – мемлекеттік деңгейдегі террор», – деді ол.
Тихановская саяси дағдарыстың, зорлық-зомбылық пен заңсыздықтың екі айы туралы да әңгімеледі. Сөйтіп, ол биіліктің алдына мынадай үш түрлі талап қойды:
– Лукашенко өзінің кететінін жариялауы тиіс;
– Көшедегі зорлық-зомбылық толық тоқтатылуы тиіс;
– Барлық саяси тұтқындар босатылуы тиіс.
Тихановская өзінің сөзінде Александр Лукашенконың оппозиция алға қойып отырған үш талапты толық орындауы үшін 13 күн уақыты бар екенін мәлімдеді. Ал егер бұл талаптар 25 қазанға дейін толық орындалмаса, «бүкіл елдің бейбіт шерумен көшеге шығатынын» айтты. Мұны «халық ультиматумы» деп атады. Бұл кезде елдегі барлық кәсіпорындар жұмыстарын толық тоқтатады.