Қырғызстанда сайлау қорытындысы жарамсыз деп танылды
БІШКЕК. 6 қазан. Бүгін Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы 4 қазан күні өткен Жогорку Кенеш сайлауының нәтижелерін жарамсыз деп тапты. Бұл туралы «24.kg» хабарлады.
Ақпарды Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлнара Журабаева растады. Оның айтуынша, сол сияқты комиссияның өзін өзі таратуы мәселесі де талқыланған. «Мен осы сайлау науқанында біз өзімізді өзіміз паш етіп алдық деп ойлаймын, сондықтан бұл жағдайдағы бірден-бір жақсы және дұрыс жол біздің мерзімінен бұрын өкілеттігімізді тоқтату болуы керек деп ойлаймын», – деді Журабаева.
Айта кетуіміз керек, комиссия құрамы Жогорку Кенештегі фракциялар квотасы бойынша жасақталады.
Кеше түнде сайлау қорытындысына наразы жұрт парламент үйін және Ақүйді басып алды. Бұдан кейін олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытқа оқшаулағышында отырған елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты құлып астынан шығарды.
Ал президент Сооронбай Жээнбеков түн ішінде астанадан ұшып кетті. Оның Ош қаласына барып тоқтағаны бүгін белгілі болды.
Осы аралықта үйлестіру кеңесі Жээнбековті қаралаған тағы бір қаулы қабылдады. Онда елдің тарихында дәл 4 қазандағыдай лас, әділетсіз, жөнсіз сайлау болмағаны туралы айтылған. «Президент Жээнбеков көпшілік алдында берген барлық саяси партияларға бірдей жағдай жасайтыны туралы уәдесін орындамады. Барлық жерде әкімгершілік ресурс қолданылуы, сайлаушыларың дауыстарын жаппай бұрмалаушылық, партия өкілдеріне дене жарақатын салған шабуылдар жасалуы және әсіресе сайлау нәтижесін санаудағы әділетсіздіктер жұртты заңды түрде бейбіт қарсылық қозғалысын жасауға итермеледі. Орталық сайлау комиссиясы Қырғызстанның болашағын арсыздықпен ойыншыққа айналдырып, аралық сайлау қорытындыларын қайта-қайта ойнатып тұрды. Біз Орталық сайлау комиссиясы Президент аппаратының нұсқауларын орындап тұрғанын жақсы білеміз. Осылайша, билік парламент депутаттарының 90 пайызының мандатын алғылары келді. Қырғызстан тарихы мұндайдың қашанда президенттің жеке-дара билігін күшейтуге алып баратынын жақсы біледі», – делінген хабарламада.
Президент Сооронбай Жээнбеков бүгін Ош қаласында халыққа арнап сөз сөйледі. Ол барлық күштерді елдің тағдырын саяси амбициялардан жоғары қоюға шақырады.
«Қымбатты отандастар! Өткен түнде кейбір саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз басып алуға әрекет жасады. Олар сайлаудың қорытындысын осыған желеу ете отырып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Олар қала халқының бейбіт өмірін бұзды. Олар құқық қорғау органдарына бағынбады, медиктерді ұрып-соғып, ғимараттарға залал келтірді. Мен күштік құрылымдарға бірде-бір азаматтың өміріне қауіп төнбеуі үшін оқ атпауды, қан төкпеуді бұйырдым. Біз әзірге елдегі ахуал бұзылып кетпеуі үшін мүмкін болған шаралардың бәрін жасадық. Мемлекеттегі тыныштық, қоғамдағы тұрақтылық кез келген депутаттық мандаттан құндырақ. Мен Орталық сайлау комиссиясына заң бұзушылықты мұқият тексеріп шығуды, егер ондай нәрселер табылып жатса, нәтижені жоққа санауды тапсырдым. Мен саяси партиялар басшыларын өз жақтастарын тыныштандыруға және жұрт жиналған жерлерден алып кетуге шақырамын. Біздің еліміз бен қоғамымыз үшін – ең басты маңызды нәрсе тыныштық», – деді Жээнбеков.