Бішкекте сайлау нәтижесімен келіспегендер шеруге шықты
БІШКЕК. 5 қазан. Бүгін Қырғызстан астанасында парламент сайлауы қорытындысына наразылар шеру өткізді. Бұл туралы K-News хабарлады.
Бішкектің орталығында Қырғызстан парламентіне сайлаудың алдын ала нәтижесімен келіспеген оппозициялық партиялардың жақтастары шеруге шықты. Көргендердің айтуларынша, олардың қатары 5 мың адамнан асып кеткен. Белсенділер «Жээнбеков кетсін» деп айқайлаған.
Шерушілер мұнымен де тынбаған, олар парламент ғимаратын басып алмақшы болып шабуыл жасаған.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, қарсылық акциясына 16 партияның 11-нің өкілдері қатысқан. Олар дауыс беру қорытындысын тән алмауды талап еткен қарар қабылдаған.
Шерушілер мезгілдің түн болғанына қарамастан, тарай қоймаған. Милиция оларға су шашып, таратуға әрекет жасаған.
Қазір милиция мен наразылардың қақтығысы кезінде кемінде 10 адамның әртүрлі дене жарақатын алып, ауруханаға түскендері белгілі болып отыр.