Әлиев «Армениямен келіссөз жүргізудің мағынасы жоқ» деді
БАКЫ. 5 қазан. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Армениямен келіссөз жүргізудің енді ешқандай мағынасы жоқ екенін айтып, Таулы Қарабақты қайтарып беруін талап етті. Бұл туралы НТВ хабарлады.
Әлиев армян лидерімен кездесудің мағынасыз екенін, ал Арменияның Таулы Қарабақтың тағдыры жөніндегі келіссөзді ылғи кешеуілдеумен болғанын жеткізді.
«Біз бейбіт өмірге нұқсан келмеуін қалап, осынша жыл күтіп келдік. Мен Армения премьер-министрімен кездестім. Алайда, бұл кездесулердің бәрі мәнсіз болып шықты, олар тек формальды сипат қана алды. Ол (Пашинян) маған басып алған территорияларын қайтарып бермейтінін айтты», – деді Ильхам Әлиев.
Сонымен бірге Әзербайжан лидері өз еліне соғыс емес, бейбіт өмір керек екенін, бірақ енді Таулы Қарабақты толық қайтарып алғанша, бұл соғыстың өздері тарапынан ешқашан тоқтамайтынын жеткізді. «Бұл – біздің позициямыз, ол енді қайтып өзгермейді», – деді ол.
«Біздің енді тағы 30 жыл күтетін шамамыз жоқ. Шиеленіс осы қазір шешілуге тиіс. Арменияға көмек берушілер, – былайша айтқанда, жақын әріптестері, – оларға басып алған территорияларынан кетулеріне ұсыныс жасасын», – деді Әлиев.
Армения президенті Армен Саркисян шетел журналистеріне берген сұхбатында армяндардың Таулы Қарабақ аумағында мың жылдан бері тұрып келе жатқандарын, сондықтан Ереван өзін жерін қорғау үшін Әзербайжанмен де, Түркиямен де соғысуға даяр екенін білдірді.
Мұның алдында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен келіссөз жүргізуге әзір екенін мәлімдеген еді.