Қызылордада коммунистік партия қарияларға құрмет көрсетті
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 қазан. Бүгін Қызылордадағы «Қарттар үйінде» бір топ еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету рәсімі болып өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Шара елімізде кеше тойланып өткен Қарттар күні мерекесіне орай өткізілді. Оны Қазақстан халықтық коммунистік партиясы облыстық комитеті ұйымдастырды.
Рәсім кең дастархан басында көсіле отырып, келелі пікір алмасу салтында қанат жайды. Оны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол өзінің сөзінде біздің қоғамда жастары ұлғайған кісілерге қашанда құрметтің жоғары болатынын, себебі, алдыңғы толқын – ақылшы ағалардың сондай құрметке әбден лайықты екенін айта келіп, осы шараны өткізу бастамасын көтеріп, оның барлық жауапкершілігін өздерінің мойындарына алып отырған коммунистік партия облыстық комитеті басшыларына зор алғысын білдірді.
Бұдан кейін Қазақстан халықтық коммунистік партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Талғат Тілеубаев сөз алып, партия басшыларының мұндай шара өткізуге ынталы болып отырғанын атап өтті. Кезінде коммунистік партияның сонау ұшар басында отырған ат төбеліндей көшбасшылары болмаса, оның қатардағы қалған қарапайым мүшелері өздерінің ел мүддесі мен халық игілігі жолындағы міндеттері мен мұраттарына барынша адал қызмет етті. Соның арқасында кеңес мемлекеті өзінің алдында тұрған небір қиындықтарды жеңіп шығып, қаншама алпар асуларды бағындыра білді. Басқасын былай қойғанда, кешегі Ұлы Отан соғысы кезіндегі нағыз қанды қырғында қатардағы қарапайым коммунистер елді фашизм бұғауынан құтқарып, адамзат баласын құлдықтан арашалап қалды.
– Аға ұрпақты сыйлау, алдыңғы толқынды құрмет тұту әу бастан біздің партияның басты қағидаларының бірі еді, сондықтан біз де осы жолдан айнымауға күшіміз бен ниетімізді жұмсап жүрміз, – деді Талғат Тілеубаев. – Біз сол партияның ең жақсы жақтарын, адами абзал қасиеттерін өзімізге мұра етіп алғымыз келеді. Міне, қазір дастархан басында сол заманның шыңдауынан өткен, адамгершіліктің айнымас асыл қасиеттерін бойларына сіңірген, қазіргідей жемқорлық пен парақорлық деген залалды зиянаттардың бірде-бірін білмейтін нағыз қолдары да, жүректері де таза адамдар отыр. Рас, сіздер өздеріңіздің жас та, ересек те кезеңдеріңізді мүлтіксіз күйлеріңізде өткердіңіздер. Сол себепті біз сіздердің алдарыңызда қашанда басымызды иеміз, қолдан келгеніне қамқорлық пен қошемет көрсетіп бағамыз.
Кездесу рәсімі ардагарлерге арналған жекелеген концерттік нөмірлер қойылуымен де ерекшеленді. Бұдан бөлек, облыстық комитеттің бірінші хатшысы партия дайындап, шығарған «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 75 жыл», «БЛКЖО-ға 100 жыл», «Лениннің туғанына – 150 жыл» деп аталатын медальдар мен алғыс хаттарды бірнеше ардагерге тапсырды.
Басқосуда Мұхамедияр Айтмағамбетұлы, Алмагүл Божанова, Махмудбай Әміреұлы, Ержан Уәйіс секілді ардагерлер сөз сөйлеп, елімізге – береке мен бірлік, қарияларға – ұзақ өмір мен денсаулық, жастарға жарқын болашақ тіледі.
Соңынан Талғат Тілеубаев пен Дәулет Қайсариев бастаған облыстық партия комитетінің басшылары жиналған қарияларға сый-сияпат жасады.