Лукашенко елдің шекарасын жауып жатыр
МИНСК. 18 қыркүйек. Александр Лукашенко Беларусьтің Литва мен Польша арасындағы шекарасын жабатынын, Украинамен араны күзетуді күшейтетінін мәлімдеді. Бұл туралы «Настоящее Время» хабарлады.
«Беларусь Литва мен Польша арасындағы мемлекеттік шекараны жабуға мәжбүр болып отыр», – деді ол кеше «Беларусь үшін» атты әйелдер форумына сөйлеген сөзінде.
«Біз әскерлерді көшелерден әкетіп, жарты армияның қолына қару ұстатып, батыстағы мемлекеттік шекарамызды жабуға мәжбүр болып отырмыз», – деді Лукашенко.
Ол өз сөзінде Литва, Польша және Украина халықтарын «өз саясаткерлеріне тоқтау салып, қырғын соғыстың басталып кетуінің алдын алуға» шақырды. «Мен Беларусь, әлгі Польша, Литва жерлерінің біздің мәселелеріміз шешілмейтін соғыс қимылдарының театрына айналып кетпеуін қалаймын. Сондықтан бүгін Литва, Польша және Украина халықтарына қарата үндеу жариялаймын – өздеріңіздің ақылдан кенде саясаткерлеріңізді тоқтатыңыздар, соғыстың тұтанып кетуіне жол бермеңіздер», – деді ол.
Лукашенко сондай-ақ Ресей президентімен және қорғаныс министрімен бірге «Одақтық мемлекеттің жалпы қорғанысын» «жасап қоятындарын» мәлімдеді.
Форумда сөйлеген кезінде Александр Лукашенко басқа мемлекеттердің сайлауды мойындаған-мойындамағандарын керек етпейтінін айтып, ОМОН-ды мақтады. «Окрестинада олар әлдекімді ұрыпты, әлекімді өлтіріпті-міс. Мен барынша анық етіп мәлімдеймін: жұрт мұны біле бермейді, омоншылар ешқашан Окрестинада кезекшілік еткен емес. Уақытша қамау оқшаулығышында да, Окрестинада да болған жоқ. Онда ішкі істер әскерлерінің қызметкерлері қызмет атқарады. Бірақ оқиға ширыққан кезде олар осы жігіттерге қарсы жіберілді, сол арқылы бұлар елді құтқарып қалды, ақ-қызық-ақ тудың астында блицкриг жасамақ болғандардың жоспарларын құртты», – деді ол. Бұдан басқа, Тәуелсіздік сарайына шабуыл жасалғанын, бірақ «шабуылдың жеңіліске» ұшырағанын айтты.
Бұдан алдын, 17 қыркүйек күні Еуропа парламенті Беларусьтегі сайлау нәтижелерін мойындамау туралы шешім қабылдады, сонымен бірге Александр Лукашенконы Беларусьтің легитимді президенті емес деп тапты.