Англия чемпионатында матчтар уақыты қысқарады
ЛОНДОН. 6 мамыр. Англия Кәсіпқой футболшылар ассоциациясының (PFA) атқарушы директоры Гордон Тэйлор елдің чемпионаты жалғастырылар болса, оның қысқа мерзімді хронометражбен өтуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Вести.ru хабарлады.
Атқарушы директордың «BBC Radio 4» радиосына берген сұхбатына сілтеме жасаған агенттік мұндай өзгерістер біріншіліктің қалған бөлігінің тығыз кесте бойынша өтетінінен туындайтынын жеткізді.
Бұған дейін УЕФА-ның құрлықтағы барлық елдерден ұлттық чемпионаттарын 2 тамызға дейін толық аяқтауларын талап еткені белгілі.
Мұның алдында Англия премьер-лигасы барлық клубтарының үзіліп қалған маусымды қайта жалғастыру үшін дауыс бергені хабарланған болатын. Бұл елдегілер Франциядағыдай чемпионатты келген жерінен тоқтатып, үштіктегі командаларды соған дейінгі жинаған ұпайлары бойынша жариялай салуға да, Нидерландтағыдай чемпионатты жеңімпаз бен жүлдегерлерсіз аяқтап жіберуге де келіскен жоқ.