Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Сырдарияға құйылып жатқан тасқын су тоқтатылды

ТАШКЕНТ. 2 мамыр. Кеше таңертең ертемен Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының тоғанын бұзып өткен суды төтенше жағдайлар құтқарушылары түс ауа тоқтатуға қол жеткізді. Бұл туралы «Sputnik Узбекистан» хабарлады.

Су қоймасынан арқырап аққан топан су бірден айналасын жалмай бастады. Оның бір бөлігі елді мекендерге қарай тап берсе, бір бөлігі Сырдария өзеніне барып құйылды.

«1 мамыр күні таңғы сағат 5:55-те су қоймасының тоғанын судың жырып шығуы орын алды. Нәтижесінде топан су Сардоба ауданындағы Кургантепе кентіне құйылды», – делінген хабарламада.

Дегенмен, төтенше жағдайлар құтқарушыларының жедел әрекет етулерінің арқасында жергілікті тұрғындар арасында ешкім зардап шеккен жоқ. Олар тасқынға дейін осы маңдағы 11,5 мың адамды қауіпсіз жерлерге көшіріп үлгерді. Су негізінен егістік алқаптарды басып қалып, соларға залал келтірді.

«Қазіргі сағатта мамандар келген шығынның ауқымын есептеуге кірісті. Тасқын қауіпіне орай су қоймасына жақын орналасқан қишлақтардың тұрғындарын эвакуация жасау жалғасуда. Олар су қоймасынан қауіпсіз қашықтықтағы «Бірлік» махалласына жеткізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Түс қайта Сардоба су қоймасынан шығып жатқан судың жолы кесілді. Қазір құтқарушылар жағдайды бақылауында ұстап отыр.

Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев 1 мамыр күні таңертең тоғанның Сырдария өзеніне су құйып жатқан жерінде болды. Ол жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Кеше сондай-ақ әлеуметтік желіде Сардоба су қоймасындағы тоғанның бұзылып кеткен жері түсірілген суреттер көптеп жарияланды.

Үкімет комиссиясы тасқынның зардаптарын жою мақсатындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button