ЕРЕВАН. 27 қараша. Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресейдің қауіпсіздік қызметініғ өз елі аумағынан кеткенін қалайтынын ашық айтты. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Армения Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) шекара қызметінен толығымен бас тартып, өз шекараларын дербес күзетуге ниетті», – деп мәлімдеді премьер-министр Никол Пашинян 26 қарашада.
Panorama.am агенттігінің хабарлауынша, премьер «алдағы жылдары шекараларымыз үшін жауапкершілікті толығымен өз мойнымызға алатын уақыт келді», дегенді айтқан. Бұған дейін ол орта мерзімді перспективада шекараларды толық бақылауға алуды көздейтінін жеткізген болатын. Оның сөзінше, бұл Еуроодақпен визалық режимді ырықтандыруға дайындық аясындағы шекара қызметін реформалаумен байланысты.
Ресейлік шекарашылардан бас тарту жоспарлары туралы мәлімдеме Пашинянның Мәскеуге сапарына бір апта қалғанда жасалды.
Ресей шекарашылары Арменияда 1992 жылғы 30 қыркүйектегі шарт негізінде қызмет етеді және Түркия мен Иран шекараларын күзетуге қатысады. Ереван олардың қатысуын біртіндеп қысқартып келеді. 2024 жылдың тамызында ФСБ қызметкерлері «Звартноц» халықаралық әуежайынан, 2025 жылдың қаңтарында Иранмен шекарадағы «Агарак» бақылау-өткізу пунктінен, ал ақпанның соңында Түркиямен шекарадағы «Маргара» бақылау-өткізу пунктінен кетті. 2026 жылдың қыркүйегінде Пашинян 1995 жылдан бері орналасқан Гюмридегі 102-ші ресейлік әскери базаның болу қажеттілігіне де күмән келтірді. Премьердің айтуынша, база Арменияның қауіпсіздігі үшін өмірлік маңызға ие емес.
Ереван мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас 2024 жылдың ақпанында шиеленісе түсті. Сол кезде Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысуын тоқтатып, Ресейді Әзербайжанмен қақтығыс кезінде республиканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындамады деп айыптады. Пашинян ұйымды «көпіршік-одақ» деп атап, елдің оған деген қызығушылығы жоғалғанын мәлімдеді.
11 қарашада «Мәскеуде өткен ҰҚШҰ саммитінде блокқа қатысушылар мүшелік жарналар бойынша берешегіне байланысты Арменияны дауыс беру құқығынан және өз өкілдерін тағайындау мүмкіндігінен айырды», деп хабарлады РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
USD




