БЕРН. 27 қараша. Швейцария Өзбекстанның бұрынғы президенті қызының шетелге шығарған $200 млн-нан астам қаржыны өзбек еліне қайтаруға келісті. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өзбекстан мен Швейцария билігі республиканың тұңғыш президенті Ислам Каримовтің жемқорлық үшін сотталған үлкен қызы Гүлнара Каримованың активтерінен Ташкентке $252,5 млн қайтару жөнінде келісімге келді. Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігінің хабарлауынша, сөз заңсыз жолмен алынған және бұған дейін Швейцария билігі тәркілеген қаражат туралы болып отыр.
«Қайтарылатын капиталды ашық басқару үшін БҰҰ-ның қатысуымен құрылған «Ишонч-2030» траст қоры арқылы қаржы республикаға түседі», деп хабарлайды Gazeta.uz.
Жаңа келісім қор ресурстарын бөлу стратегиясының екінші кезеңін іске қосады.
Бекітілген жоспарға сәйкес, қаржы БҰҰ агенттіктері мен Дүниежүзілік банктің қатысуымен әлеуметтік жобаларға бағытталады. Қаржыландырудың бір бөлігі денсаулық сақтау бағдарламаларына: балалар мен жасөспірімдерге көмекті жақсартуға, ауруларды ерте диагностикалауға және онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалады. Білім беру саласында қаражат мектептер салуға, цифрландыруға және педагогтердің біліктілігін арттыруға бөлінеді. «Басымдық ауылдық аудандар мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі. Қаражаттың мақсатты жұмсалуын азаматтық қоғам бақылаушылары қадағалайды», деп атап өтті ведомствода.
Өзбекстан Экономика министрлігінің деректері бойынша, қор жұмысының бірінші кезеңінде $87 млн ана мен бала денсаулығын қорғауға және мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған болатын. Қазіргі келісім елдер арасындағы уағдаластықтар сериясын жалғастырады: 2022 жылдың тамызында тараптар $131 млн, 2025 жылдың ақпанында – $182 млн қайтаруды келісті, ал 2026 жылдың қазанында Өзбекстанның Әділет министрлігі тағы $21,6 млн реституцияланғанын хабарлады. Басты шарт – қаражат елдің мемлекеттік бюджетіне тікелей түспейді, ал оның жұмсалуы халықаралық институттардың қадағалауында болады.
Каримоваға қатысты еуропалық тергеу 2012 жылы басталды. АҚШ Әділет министрлігі мен Швейцария прокуратурасының мәліметінше, ол өзбек нарығына шығу үшін шетелдік телекоммуникациялық компаниялардан ірі көлемде пара алып, ақшаны шетелде жылыстатқан. Ташкенттің бағалауынша, Каримованың шетелдік активтерінің жалпы құны $1,3–1,4 млрд-қа жетеді. 2020 жылы отанында ол 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.
USD




