АСТАНА. 24 қыркүйек. Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда аза тұту күні болып жарияланды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Министрлік таратқан хабарламада айтылғандай, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізіп, Каспий теңізі жағалауында оқу-ұрыс қимылдары міндеттерін орындап жатқан кездерінде ауа райы бұзылып, желдің күшейіп кетуіне байланысты метеорологиялық жағдай күрт нашарлаған.
«Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін, 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлаған едік. Кейіннен опат болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетті. Тағы екеуі теңізшінің іздестіріліп жатқаны айтылды.
Апат орын алған бойда үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Бұдан алдын Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барып, әлі табылмаған әскери қызметшілерді үздіксіз іздестіруді тапсырды.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
USD




