АСТАНА. 3 қыркүйек. Тамыздың соңғы күні басталған Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау үдерісі бүгін мәресіне жетіп, Министрлер Кабинеті толық құрылып болды. Бұл туралы Kazinform.kz шолуына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Дүйсенбі, 31 тамыз күні Құрылтайдың жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Ол жаңа депутаттар тарапынан толық қолдау тапты. Сол күні Президент тиісті жарлыққа қол қойып, Олжас Абайұлы Бектенов Премьер-Министр лауазымы тізгінін қайта қолға алды.
Бүгін, бейсенбі, 3 қыркүйек күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары лауазымына Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев қайта тағайындалды. Ол бұл қызметке биылғы мамыр айында келген еді.
Лауазымын жалғастыратындар арасынан Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев та табылды. Ол Премьер-Министрдің орынбасары күрсісіне қайта отырды.
Сонымен қатар, Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы лауазымына қайта бекітілді.
Серік Мұқашұлы Жұманғарин Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі орынтағына тағы жайғасты.
Жаслан Хасенұлы Мәдиев Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметін ұластыратын болды.
Еске сала кетейік, біз бүгін сондай-ақ Дәурен Жұматайұлы Қосанов – Қорғаныс министрі, Ержан Сапарбекұлы Сәденов – Ішкі істер министрі, Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Денсаулық сақтау министрі лауазымдарындағы қызметтерін жалғастырғандарын хабарлаған едік. Бұлайша қызметтерін создырғандар қатарында тағы Қаржы министрі Мәди Төкешұлы Тәкиев, Көлік министрі Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев, Әділет министрі Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев, Энергетика министрі Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова, Сауда және интеграция министрі Арман Абайұлы Шаққалиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы Сапаров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Маратұлы Ертаев, Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бар. Олардың бәрі де бүгін тиісті Жарлықтарын алды.
Ал жаңа қызметке тағайындалғандар қатарын 31 тамызда Аида Ғалымқызы Балаева – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, 2 қыркүйекте Мұрат Бескенұлы Тілеуберді Сыртқы істер министрі болып бастап берді. Бұлардың біріншісі Қауіпсіздік кеңесі төрағасы – Мемлекет басшысына тікелей бағынады, яғни Үкімет құрамында жоқ.
Бүгін сол сияқты Арман Оразбайұлы Қырықбаев – Мәдениет және ақпарат министрі, Әлібек Сәкенұлы Қуантыров – Экология және табиғи ресурстар министрі, Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалып, жаңа қызметтерін бастады.
USD




