5 Қыркүйек, 06:09
RAST.kz
USD USD 456.56 ₸
EUR EUR 530.52 ₸
RUB RUB 5.28 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Тілге тірелген түйсіктер тіні

ҚАЛАМГЕР ҚОРЖЫНЫНАН

1 Қыркүйек 2026 21:21
- Жаңалықтар, Көзқарас
Тілге тірелген түйсіктер тіні
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Егер адам өзі қаласа, кез келген кәсіпті, кез келген мамандықты игереді. Ғалым да, дипломат та, тіпті ғарышкер болуы да әбден мүмкін. Алайда өз бойында Құдай берген таланттың ұшқыны болмаса, ешқашан өнердің хас шебері атана алмайды. Өйткені өнер атаулы Жаратқан иемнің сыйы.

Қазақ бірге туған аға-інісін бауырым дейді. Өзіне ең жақын адам болғандықтан, оны бауырына балайды. Ал бауыр – адам ағзасындағы ең басты мүше. Онсыз адам өмір сүре алмайды. Сол сияқты «әпке» деген сөздің мағынасы да адамның тыныс жолының атауына сай келіп тұрған сияқты. Іні-сіңлілерінен қамқорлығын аямайтын, қажет болса, солар үшін өз бақытынан да бас тартудан тайынбайтын жанашыр жанды, яғни әпкені қазақтың өкпеге теңеуі әбден мүмкін-ау. Тек уақыт өте келе өкпе сөзі әпкеге айналып кетті ме екен?

* * *

Қазақтың киіз үйінің сыртқы пішіні ғарыш кемесінің кіші макеті іспеттес екенін байқар едіңіз. Ең ғажабы, осы киіз үйді басқаша жасау еш мүмкін емес көрінеді. Айталық, керегенің көзін темірден жасаса, ол көп жағдайда ашылмай қалатын болса, пластмасса үзіліп кетеді екен. Оған тек қайыс қана ыңғайлы әрі шыдамды болады дейді он саусағынан өнер тамған шеберлер. Бұл да бір қазақтың данышпандығының айғағы ғой.

* * *

Біздің Дәнебала деген апамыз кезінде Алматыдағы «Көкбазардың» маңайында Димекеңнің әкесі Ахмет ақсақалмен көрші тұрыпты. Ол кісінің ері Жамалбек атамыз қалалық кеңестің депутаты екен. Олар Димекеңнің өзін де бала кезінен білген ғой. Сол Дәнебала апамыз айтқан мына бір әңгіме құлағымда қалыпты.

– Көрші болған соң, бір-бірімізді қонаққа шақырып, аяқ-табағымыз араласып жататын. Кейіннен баласының қызметі өсіп, ол кісілер басқа жаққа көшіп кетті.

Арада біраз уақыт өткен. Бұл Димекеңнің даңқы дүрілдеп тұрған кез. Сол тұста Ахмет екеуміз кездейсоқ ұшыраса кеттік. Шұрқырай амандасып, хал-жағдай сұрасып жатырмыз. Көп жыл көрші тұрған соң, біз бір-бірімізбен әзілдесіп, емін-еркін сөйлесе беретінбіз. Бұл жолы да сол әдетіме бағып «Ахмет-ау, енді бұл дүниеде еш арманың жоқ шығар» дедім мен күліп.

– Е, Дәнебала, сен солай ойлайсың ғой. Әйтпесе, арман шіркін неге болмасын. Күнде кешке қарай балам кеңседен тұнжырап, қалың ойға бөгіп келеді. Дастарқан басында да сол ойынан арыла алмай отырады. «Балам-ау, бұл неғылған таусылмайтын ой? Тым болмаса осындай дастарқанда басымыз қосылған кезде қабағыңды ашып, жадырап отырсаң қайтеді?», деймін мен ойға шомған баламды бір сәт болса да серпілткім келіп.

– Әке, жарқылдап, жаның жадырап отырғанға не жетсін? Ал мен өйтіп еркінси алмаймын. Өйткені Қазақстанды қайтсем басқа елдермен терезесін тең қыламын, қайтсем халқымның сенімін ақтаймын деген мәселе күні-түні ойымнан шықпайды – деді ұлым.

Баламның жанына батқан ауыр жүктің салмағын сол күні мен де айқын сезіндім. Енді баламның басындағы сол ой маған да күні-түні маза бермейді. Менің ендігі арманым, ұлымның осы діттеген ойы орындалып, халқының алдындағы абыройы арта түссе деймін депті Ахмет ақсақал ағынан жарылып.

Қайран әке жүрегі-ай!

* * *

Тәуелсіздіктің елең-алаңы. Газеттің жаңажылдық санын дайындап жатырмыз. «Құттықтау сөзді бұл жолы кім­нің айтқаны жөн?». Бұл сұраққа көп кідірмедік. Ойымызға бірден Бәйкен Әшімов ағамыз түсті. Біздің өтінішімізге ол кісі де қарсы болмады. «Ертең үйге келіңдер. Дайындап қоямын», деді. Уәде бойынша Бәйкен ағамыз таңертең күтіп отыр екен. Жасыратын не бар, біз ол кісіні әлденеше қабатты жекежайда тұратын шығар деп ойлаған едік. Алайда қолымыздағы қағазға жазылған мекенжай кәдуілгі бес қабатты бетон үй болып шықты. Үйге кірген кезде де жалт-жұлт еткен салтанаттың ізін де көрмедік. Жеңгеміз де қарапайым, қазақы адам екен, қарсылығыма қарамастан шай ішуге көндірді.

Айналама көз сала отырып, бір кесе сүт қосқан шай ішкенше, Бәйкен ағамыз бір беттік қолжазбасын дайындап қойыпты. Мені кабинетіне шақырған ол енді әлгі қағаздағы мақаласын оқуға кірісті. Қаншама жыл үкіметті басқарған адам ғой, айтылған әр сөзге әр қырынан қарап, ерекше мән береді екен. Олай дейтінім, қағазға түскен әр сөзінің мәнін ауызша түсіндірумен болды.

Бір кезде ол мақаласының «Келешек жастар тарих алдында жауапты екенін ұмытпауға тиіс» деген жерін оқыды да:

– Тым қаттылау айттым ба, сен қалай ойлайсың? – деп маған қарады.

– Болашақ жастардың тарих алдында жауапты екені рас қой, – дедім мен.

– Е, онда жөн. Қызым, байқа, басы артық сөз кетіп қалмасын, – деді ол әлденеше ескертуден кейін қолжазбасын маған беріп жатып.

Шынымды айтсам, сол сәтте ағамыздың әсіре сақтығына қатты таңғалған едім. Ал кейіннен сол кездегі алмағайып кезеңде бейсеубет сөзге ұрынып қалмайын, қасықтап жинаған қадыр-қасиетімді қашырмайын дегені шығар деген ойға келдім.

Осы кезде әлеуметтік желілерде қайсыбір шал-шауқандар сөйлегеннің жөні осы екен деп аузына келгенін көкіп, бала-шағаның күлкісіне қалып, абыройдан жұрдай болғанын көргенде Бәйкен ағаның өз сөзіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны еріксіз еске түседі.

* * *

Қарап отырсаң, осы күні жұрт өзара бәсекеге түскендей. Киім кисе де, мәшине мінсе де, бірінен бірі озғысы келеді. Тіпті, әлденеше қабат етіп салынған үй-жайы да өзгенікінен әлдеқайда көрнекті болса дейді. Мейлі ғой… Алайда осыншама бәсекенің ортасында ой жарысы ғана жоқ. Әрине, бұл тұрғыдан да өзгеден озғысы келетіндер бар-ау, бірақ мұндай бәсеке өзге жарысқа мүлдем ұқсамайды. Сондықтан да бұл жарысқа қатысуға кез келген тәуекел ете алмайды. Неге десеңіз, ол лезде кімнің кім екенін айқындап береді.

* * *

Осы арада бір мұғалімнің күйініп айтқан әңгімесі ойыма түсіп отыр. Оны естігенде не күлерімді, не жыларымды білмедім. Кәне, сіз де тыңдап көріңіз.

– Ауылдан қалаға қоныс аударған соң үлкен бір мектепке қызметке кірдім. Сөйтіп, жаңа оқу жылынан бастап, 6–7-сыныптарға әдебиет пәнінен сабақ бере бастадым. Несін жасырайын, ондағы балалардың білімі де, тәртібі де көңіліме қонбады. Оқуға мүлдем ынтасы жоқ оқушылардың киген киімін, ұстаған телефонын көрсеңіз. Ең қиыны, төмен баға қойсаңыз, олардың ата-анасы кәдімгідей шу шығарады.

«Менің балам мына сізден де білімді», – деді олардың бірі.

«Мен балаңызға әдейі төмен баға қойғаным жоқ. «Міне, ол баланың білім деңгейін өзіңіз де байқасаңыз болады» деп, баласының жуырда ғана Абай туралы жазған мазмұндамасын қолына ұстата қойдым. «Абай өте креативный адам болған. Ол бишілермен, чешендермен көп араласқан». Осы жолдарды оқыған соң әлгі кісі ұялып-ақ қалатын шығар дегем. Жоқ, ол дауласа кетті.

«Сіз неге тырнақ астынан кір іздейсіз?. Абайдың жұртпен көп араласқаны өтірік пе?» деді ол екіленіп.

Бұдан кейін оған не деуге болады?

* * *

Медетбек батырдың туғанына 200 жыл толуына орай Алматыда халықаралық конференция өткен. Сол жиында әскери ғылымдар докторы, Әскери ғылымдар академиясының академигі Абдаймов Досай Қасымұлы сөз сөйлеген. Ол өз сөзінде елі үшін ересен ерлік жасаған айбынды батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айта келіп, көңіл құлазытар мына бір дерекке де тоқталып өткен еді.

– Ұлы Отан соғысы кезінде қызыл әскер қатарына бір миллион екі жүз мың қазақстандық шақырылған екен. Оған әскерде бұрыннан қызмет етіп жүрген 178 мың жерлесімізді қосыңыз. Олардың 600 мыңы сол соғыстан қайтпады. Алайда майданға соншама адам берсек те, Қазақстаннан бір ғана кісі генерал атағын алған екен. Ол – Батыс Қазақстан облысының тумасы Шәкір Жексенбаев деген азамат. Ал енді салыстырып көрейік. Отан соғысына 300 000 армян қатысқан болса (бұл цифр жоғарыда келтірілген қазақтардың санынан 5 есе кем), олардың 83 700-і қаза тапқан (бұл цифр да қазақстандықтармен салыстырғанда, 8 есе аз). Сөйте тұра, соғыс кезінде армяндардың сапынан Кеңес Одағының бес маршалы мен адмиралы шыққан. Оған 60 армия генералын қосыңыз. Енді біздегі бір мен алпыстың арасын ойлап көріңізші. Нағыз әділетсіздік деген осы ғой, – деді ол.

Бұл – жай ғана айтыла салған сөз емес. Әскери адамның, осы саланы зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған ғалымның келтірген нақты дерегі.

* * *

Бала кезінде естігенін адам ешқашан ұмытпайды екен десем, әкем айтқан мына бір ертегіні әлі күнге дейін ауық-ауық есіме алатыным бар. «Адамның ішінде бір ақ, бір қара қасқыр қатар өмір сүреді», деді ол бірде.

Мен шошынып қалдым.

– Менің ішімде де ме?

– Барлық адамның ішінде.

– Олар неге онда отыр?

– Өйткені олар адамды жеңгісі келеді. Оны әрқайсысы өз жағына шығарып, құл еткісі келеді. Әрине, олардың қайсысының басым болуы адамның өзіне байланысты. Егер қара қасқырды жемдей берсең, ол бірте-бірте күшейіп, қасындағы ақ қасқырды жеп қояды екен. Одан кейін де ол тыным таппай, адамның өзін ішінен үңгіп жей бастайтын көрінеді.

– Онда қара қасқырдан қалай құтылуға болады? – дедім мен бойым тітіркеніп.

– Сірә, адам баласы одан мүлдем құтыла алмайтын сияқты. Алайда оны әлсіретіп, қалжыратып ұстау әр адамның өз іс-әрекетіне байланысты болса керек. Мысалы, сен осы кезден бастап өтірік айтпауға, ұрлық жасамауға, ешкімге жала жаппауға, өзіңе қиын тиетінін білсең де шындықты айтуға, өзіңнен әлсізге көмектесуге дағдыланатын болсаң, өсе келе осы қасиеттер сүйегіңе сіңеді. Сөйтіп өмірлік қағидаңа айналады. Соған орай жүрегің мейірімге толады. Сөйте-сөйте көргенді, иманды адамға айналасың. Міне, сол кезде бойыңдағы ақ қасқыр да күш алып, қара қасқырды жеңіп қана қоймайды. Саған адамдықтың ақ жолынан адаспауыңа үнемі жол көрсетіп жүретін болады, – деді ол.

Ішімдегі қара қасқырдан қорықтым ба, мен сол күннен бастап, әкем айтқан мінез-құлықты өз бойыма сіңіруге тырыстым. Есейе келе, әкемнің ақ қасқыр мен қара қасқыр туралы айтқаны жай ертегі екенін ұқтым. Оны әкенің өз баласының бойына адами құндылықтарды сіңіруінің амалы шығар деп топшыладым.

Алайда жасым ұлғая келе бұл ойым тағы да өзгерді. Өйткені әкем дұрыс әрі біліп айтыпты. Иә, біздің әрқайсымыздың бойымызда екі қасқыр қатар өмір сүріп жатыр екен. Сенбесеңіз, өз болмысыңызға үңіліп, іс-әрекетіңізге жүрек көзімен қарап көріңізші. Сонда қай қасқырдың ықпалында жүргеніңізге көзіңіз жетеді.

* * *

Біз «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген ескертумен өскен ұрпақпыз ғой. Сондықтан да осы сөздердің қадір-қасиетін жақсы білеміз. Ал бүгінгі ұрпақ ше? Әрине, олар бұл сөздердің мән-мағынасынан мүлдем бейхабар. Сондықтан да бесіктен белі шықпай жатып қатыгездіктің сан түріне бару, өзіндей өрім жастың келешегіне балта шабу, тіпті біреудің өмірін қия салу оларға оп-оңай болып барады. Бұл сөзімізге мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Осы арада халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүрген Денис Теннің қу құлқынынан басқа да іс жоқ екі есердің қолынан тапа-тал түсте қаза болғанын айтсақ та жеткілікті. Сол тұста Денисті құрмет тұтатын, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын жанкүйерлерінің егілгенін теледидардан көріп, ұяты бар адамдар жерге кіріп кете жаздадық.

Жұмагүл СОЛТИЕВА,

жазушы

АЛМАТЫ

Таңбалар: адамгершілікжазушы жазбасыЖұмагүл Солтиева

Ұқсас мақалалар

Мақала жоқ

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • «Дала күні-2026»: Сыр бойында ақ күрішке орақ түсті

    «Дала күні-2026»: Сыр бойында ақ күрішке орақ түсті

  • «Бернли» фанаттары «Норвичтен» жеңілістен соң Дастанды қорғауға көшті

  • Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сапасын мемлекеттік орган тексереді

  • Тілге тірелген түйсіктер тіні

  • Башқұрттың «Ватан» батальонының командирі жауыздығы үшін жаза алған жоқ

  • Университетте Қалқабай Әбенов атындағы журналистік шеберлік зертханасы ашылды

  • Белгілі журналист, ақын Жоламан Бошалақ өмірден өтті

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 456.56 ₸
EUR EUR 530.52 ₸
RUB RUB 5.28 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist