ГУАЯКИЛЬ. 23 тамыз. Эквадорда өтіп жатқан дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Әділжан Жаудинов (суретте) еліміз құрама командасына үшінші алтын медальді тарту етті. Бұл туралы Olimpic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстандық дзюдошы Әділжан Жаудинов Оңтүстік Америкадағы Эквадор дәулетінің Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының үшінші күнінде алтын медаль алды.
Жерлесіміз 90 келіден ауыр салмақ дәрежесінде топ жарды. Ол финалдық белдесуде ресейлік Абдулманаф Рамазановтан басым түсті.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы сапынан Ғабит Расулхан (60 келіге дейін) мен Фатима Сопығалиева (52 келіге дейін) өз салмақтары бойынша чемпион атанған еді.
Ал Әдия Жанахмет (40 келіге дейін), Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін) және Інжу Жұмажан (57 келіге дейін) күміс медальға қол жеткізді. Сол сияқты Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін), Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Үсенов (66 келіге дейін) және Еркін Бекәлі (73 келіге дейін) қола жүлделі болды.
Дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатына 18 жасқа дейінгі бозбалалар мен қыздар қатысты. Турнир 20 тамызда сөреден шықты.
USD




