АЛМАТЫ. 22 тамыз. Алматыда құны 2 миллион теңгеге жуық қаржыны құрайтын омыртқа операцияларын тегін жүргізу қолға алынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында медициналық көрсетілімдері болған жағдайда құны 5 млн теңгеге дейін баратын замануи жоғары технологиялық омыртқа оталары МӘМС және ТМККК шеңберлерінде тегін жүргізіледі. ️
Ауруханада робот-ассистивті технологиялар мен нейронавигация жүйесін қолдана отырып, күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалады. Атап айтқанда, омыртқа өзегін декомпрессиялау және транспедикулярлық бұрандаларды орнату операциялары жүргізіледі. Заманауи жабдықтар операция барысын жоғары дәлдікпен жоспарлауға және имплантаттарды дәл орналастыруға мүмкіндік беріп, хирургиялық араласудың қауіпсіздігін арттырады.
Осындай операцияларды орындайтын мамандардың бірі – Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургі Марат Серікұлы Алматов (суретте). Ол 20 жылдан астам уақыт бойы нерв жүйесінің ауыр аурулары бар пациенттерді емдеумен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында дәрігер мыңнан астам пациентке операция жасаған.
Заманауи технологиялардың артында ең алдымен нейрохирургтің кәсіби еңбегі тұр. Нейрохирургияда әрбір қимылдың асқан дәлдігі, дәрігердің көп жылғы тәжірибесі мен жоғары зейіні аса маңызды. Марат Алматов омыртқа аурулары, эпилепсия, сколиоз, инсульт пен бас-ми жарақаттарының салдары кезінде күрделі оталар жасайды. Сондай-ақ ми қан тамырлары аурулары, созылмалы ауырсыну синдромдары және қозғалыс бұзылыстары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетеді.
«Осылайша, заманауи робот-ассистивті технологиялар күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Ал медициналық көрсетілімдері бар пациенттер мұндай медициналық көмекті МӘМС және ТМККК шеңберінде қосымша ақы төлемей ала алады», – делінген хабарламада.
USD



