МАЙАМИ. 12 шілде. АҚШ-тың Майами қаласындағы «Hard Rock Stadium» стадионында Норвегия құрамасымен 1/4 финалдық матч өткізген Англия ұлттық командасы қарсыласын қосымша уақытта 2:1 есебімен ұтып, әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өткен түнде Астана мерзімі бойынша сағат 02:00-де басталған кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Тартысты өткен ойынның 36-минутында норвег Андреас Шельдеруп мергендігімен көзге түсіп, есеп ашса, 45+1-минутында ағылшын Джуд Беллингем таразы басын теңестірді.
Кездесудің 55-минутында скандинавтар қорғаушысы Торбьорн Хеггем бұрыштамадан гол салып еді, алаңдағы арбитр, француз Клеман Тюрпен VAR-ды қарап келгеннен кейін оны санамай тастады. Себебі доп беріліп жатқан кезде норвегтер лидері Эрлинг Холаннның ағылшын Эллиот Андерсонға фол жасағаны анықталды.
Овер-таймның 93-минутында Джуд Беллингем дубль жасап, Англия құрамасын бірінші рет алға шығарды. Осымен Беллингем чемпионаттағы екінші дублін тіркеді.
99-минутта Клеман Тюрпен норвег Оскар Боббтың ағылшын Джед Спенске фол жасағаны үшін Норвегия қақпасына пенальти белгілеген еді, бірақ оны да VAR-ды қарап келгеннен кейін тоқтатты.
Осымен қорытынды есеп 2:1 болып, жеңіс Англияның пайдасына шешілді.
Жалпы, бұл әділеттілік болып саналады. Себебі, матчтың өне бойында ағылшындар оның тізгінін ұстады: олар допқа егелік етуді 53 пайызға апарды, қақпаға доп ұруда да, бұрыштама беруде де, бір-бірлеріне тура пас жеткізуде де алда болды.
Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн өзіне дейінгі Уэйн Рунидің рекордын қайталады: ол алаңдағылар арасында құрама сапында ең көп ойнаған екі футболшының бірі атанды. Олардың көрсеткіштері 120 матчқа жетіп отыр. Ал жалпы ойыншылар арасында қақпашы Питер Шилтон 125 матчпен алда тұр.
USD




