АРАЛ. 12 шілде. Бүгін Қызылорда облысының Арал қаласында түйе сүті – шұбаттан құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, сондай-ақ бір топ зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі бұл бастама өңірдің өндірістік қуатын нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Ол өзінің сөзінде жиналған жұртщылықты аймақ үшін маңызды жобалардың бірінен табылатын шұбаттан ұнтақ шығару зауыттың ресми ашылуымен құттықтады.
«Бұл өңір экономикасының дамуына тың серпін, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді», – деді Мұрат Ергешбаев.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген қағидат-сөзін еске салды.
«Осы ретте аймағымызда ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі – 3 млрд теңгеге салынған «Қазақ Кэмел» компаниясының түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты. Жалпы, елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан бұл – бірегей әрі маңызды бастама», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жылына шамамен 400 тонна өнім өндірілетін бұл зауытта 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдыру үшін күніне 20 мың литр сүт қажет. Бұл жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ. Түйе сүтін күнделікті өткізіп, тұрақты табыс табады. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру мақсатында келісімшарт жасалып, алдағы 10 жылда Қытай нарығына экспортталады. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілген. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Рәсімде облыс прокуроры Ризабек Ожаров, ел ағалары Айтбай Көшербай, Әділбек Айымбетов сөз сөйледі. Соңынан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ауданда (аудан әкімі – Аманжол Оңғарбаев) экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылғалы тұр. Биыл 100 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылады деп күтіліп отыр.
USD




