Мен – «Ақтөбе» ауылымын, жарандар,
Жан-жағымда жер жәннаты далам бар.
Өзен-көлім, орман-тауым, бел-белең,
Табиғаттың ғажабына қараңдар.
Ғасыр болды мен өмірге келгелі,
Атақ-даңқым құлашын кең сермеді.
Жүз жыл бойы жүріп өткен жолымда
Қайран басым не қызықты көрмеді?!
Табысым да, дабысым да өрлеген,
Намысымды қолдан әсте бермеп ем.
Ақсу өзен ағысындай шабысым,
Сый-құрметпен отырушы ем төрде мен.
Ал бүгін ше?
Айтылардай ақтығым,
Кетті қайда бәз баяғы шат күнім?
Құлдырадым, құлазыдым, налыдым,
Пешенемді нәпақадан қақты кім?
Арқам – арса, борбай етім боршамын,
Не қылмақпын көкірекке толса мұң.
Ақсу аудан әкіміне зарымды
Төрт жыл бойы айта-айта шаршадым.
Жып-жылы боп тұрғанымен ұямыз,
Маған келер жол шатқалаң, қия-құз.
Жол түзеуді жалбарынып сұраған
Өтінішке жетер емес сиямыз.
Келіп-кету қиындығы қинаған,
«Ауылым» деп көп адамдар қимаған.
Ақсу өзен үстіндегі көпірім,
Көп жыл болды, көздің жасын тыймаған.
Сол кесірден келді маған қағынды,
Содан, содан мектебім де жабылды.
Денсаулыққа дәрігерлік пункт жоқ,
Тұрғындарым әр қияға сабылды.
Сорлап қалған мен «Ақтөбе» ауылмын,
Қамқорлассаң – барлығыңа бауырмын.
Ау, әкімім, көпірімді жөндемей,
Неге мұнша керден кетіп тарылдың?
Қиын іс пе қырық сылтау айтардай,
Сылбырлыққа қайтем басты шайқамай.
«Ақтөбенің» машақатын ел білсе,
Сен отырсың көрмеген боп байқамай.
Мен – «Ақтөбе» ауылымын, жарандар,
Міне, осындай мұңым, зарым, налам бар.
Ғарызнама жазам биік ғұзырға,
Әділдікпен, адалдықпен қараңдар.
«Ақтөбе» ауылының зарын қағазға түсірген Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ардагер журналист, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ
USD




