МӘСКЕУ. 2 маусым. Ресейлік фашистік реңктегі Z-насихатшы, журналист-жүргізуші үгітші Сергей Мардан Кремльді батысшыл билігін құлату үшін Арменияға басып кіруге үндеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәскеудің насихат машинасы Хайастанды ашықтан-ашық түрде агрессиямен қорқытуға кірісті. Атап айтқанда, Z-жүргізуші Сергей Мардан «Соловьев live» телеарнасының эфирінде Ресей көсемдерін батысшыл премьер-министр Никол Пашинянды тақтан күшпен тайдыру мақсатында хай еліне шұғылдау шапқыншылықты бастап кетуге шақырды.
Пропагандист Кремльдің ЕО-ға жақындасуға бағыт ұстағаны үшін Ереванға қарсы жасап жатқан қазіргі экономикалық соғысын «аянышты» деп атады. Мардан мұның орнына олай қарай кемінде 500 ресейлік десантшыны жедел аттандырып, ондағы заңды билікті құлатуды талап етті.
«Шынын айтқанда, кеше айтылған «Ал біз енді армян гүлдерін сатып алмаймыз» деген мәлімдеменің соншалықты аянышты естілетіні сондай, жадымызға қаншама масқара болған флэштеріміз оралады… Тура ертегіде де айта алмайтындай, былайша үн қатып, ешкімге естірте қоймайтындай. Ереванға 500 десантшыны төгіп тастап, билікті ауыстыра салудың орнына, мына бір фитофтордың, мына бір молдован шарабы мен басқа қалғандарының айналасында күңкілдеп жүрміз», – деп кіжінді кісіліктен кенде күйкі пенде.
Айта кетейік, алдағы 7 маусым, жексенбі күні Арменияда парламент сайлауы өтеді. Алдын ала сұрау салулар нәтижесі бойынша онда елдің батысқа бүйрегі бұрылатын қазіргі іс басындағы премьер-министрі Никол Пашинянның саяси күші өте сенімді түрде жеңіске жетуі тиіс. Мәскеу осы күндері елдің ішін гибридті ақпарат операциясына толтырып жіберіп, бұған кедергі келтіріп бағуға барын салып жатыр.
Бұдан алдын РФ президенті Владимир Путин Еуропа одағына жақындай түскені үшін Арменияны «украин сценариімен» кетіп бара жатыр деп, тағы да қорқытуға тырысқан болатын.
USD




