АСТАНА. 27 мамыр. Астанада орнатылған «Үш арыс» ескерткіші үстіне мініп, суретке түскен есірік қыз қолға түсірілді. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осы көрініс әуелі әлеуметтік желіде тарады. Оқиға ел байтағындағы «Қаламгер» аллеясында тұрған «Үш арыс» ескерткіш кешенінде орын алған. Композиция қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіров құрметіне қойылған. Сол жерде 18 жастағы сары жалбыр шаш бойжеткен кешен үстіне шығып, Бейімбет Майлин ескерткішінің мойнына отырып, аяғын салбыратып жіберіп фотоға түскен. Оны жанындағы құрбысы рәсімге басып алып тұрған.
Аллеяда отырған журналист Дүйсенәлі Әлімақын бұл ситуацияны бірден видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.
«Қаламгерлер» аллеясында демалып отыр едім, мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. «Бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» десем, «Что, что» деуден ары аспады. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?», – деп жазды журналист.
Бұған Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушылар бірден өз реакцияларын білдіріп, ашулы комментарийлер жаза бастады.
Осыдан кейін Астана полициясы бейбастақтық әрекетті жасаған бейәдеп қыздың жеке басын тез анықтап, оны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізген.
Полиция мәліметінше, қыз мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылған.
«Әлеуметтік желіде қыздың Бейімбет Майлин ескерткішіне шығып, фотоға түсіп жатқан видеосы тарады. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтады. Ол – 18 жастағы Астана тұрғыны. Қыз Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылды. Іс материалдары сотқа жолданды», – деп хабарлады Астана полициясы.
Құқық қорғау органдары мәдени және тарихи мұра нысандарына құрметпен қарау қажеттігін еске салды. Қазақстанда ескерткіштерді қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, «Үш арыс» композициясының тұғырында QR-код орнатылған. Оны сканерлеу арқылы келушілер Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат ала алады.
USD




