МӘСКЕУ. 19 мамыр. Ресей билігі Қырғызстан мектеп оқушыларының тарих оқулықтарында кездесетін «отар» («колония») терминіне қатты шүйлігіп отыр. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәскеуде қырғыз тарихының оқулықтары сынға алынып, республиканы «колония» терминінен бас тартуға шақырды. Кремльдің пайымынша, бұл Ресейдің КСРО-дағы рөлі туралы «жағымсыз коннотация» тудырды-мыс. Мәселенің Ресей патшалығы билік құрған кезге қатысты қозғалып отырғанында олардың, әлбетте, мүлде шаруалары жоқ.
«Ресей әскери-тарихи қоғамында (РВИО) өткен сараптамалық-консультативтік кеңес отырысында дау туды», деп жазады РБК.
Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Андрей Быков 8, 9 және 11 сыныптарға арналған Қырғызстан мектеп оқулықтарында «фактологиялық қателіктер» мен «шын мәнінде болмаған көп нәрсе» көп екенін айтты. Мекеме директоры Аликбер Аликберов Ресейді «халықтар түрмесі» ретінде қарастырудың әлі жалғасып келе жатқанына шағымданды.
Басқосуда кеңес кезеңін бағалаудағы айырмашылыққа ерекше назар аударылды. Ресей өкілдері өздерінің оқулықтарында «КСРО-ның асқақтығы көрінетіні» қуандырып отырса, қырғыздардың бұл кезеңді республиканың іұлттық мүдделеріне нұқсан келтіргені атап өтілетіні ашындыратынын алға тартты.
РҒА мүшелерін ең қатты тітіркендірген нәрсе Ресейге қатысты қолданылған «отаршылдық» термині болды. Быков бұл таңдауды «сәнге берілушілік» деп атап, оны ауыстыратын сөз табуды ұсынды. Ол «отаршылдықтың» орнына «әкімшілік» сөзін қолдануға болатындығын атап өтті. Ойынша, солай атаса, тарихи оқиғалар өзінің «түрі мен түсін бірден өзгертіп», жағымсыз, теріс коннотация жоғалады.
Бұған жауап ретінде Қырғызстан Ұлттық Ғылым академиясының тарих, археология және этнология институтының директоры Абылабек Асанқанов Ресей тарапының «архи күрделі міндет» қойып отырғанын атап өтті. Ол отаршылдықтың тәуелді халықтардың аумағын, табиғи ресурстарын және еңбегін толық тәуелсіздік болмаған кезде пайдалануды көздейтінін еске салды.
РВИО төрағасы және РФ Президентінің көмекшісі Владимир Мединский бұған дейін Ресейді қанаушы империя ретінде көрсетуге қарсы болған. Ол бұрынғы КСРО республикаларын «жаулар ойлап тауып», тарихты қайта жаза бастады деп айыптады. «Біз ағартушылықты, жаңа технологияны, жаңа қоғамдық қатынастарды, құлдықты жоюды жүзеге асырған кезде қандай кеңестік империализм?» деп тоңқылдады Мединский.
Бұл Ресейдің көрші елдердегі оқулықтардың мазмұнына әсер етуге тырысуы бірінші рет емес. 2024 жылы Арменияға осыған ұқсас шағымдар айтылған. РФ Сыртқы істер министрлігі Хайастанның тарих оқулығын 1826-1828 жылдардағы Ресей-Персия соғысы туралы тарау енгізгені үшін сынға алған болатын, себебі онда Түрікманчай деген жерде өткен бейбітшілік келісімі «аннексия» деп аталған екен.
Сонымен бірге, 2024 жылы Ресей Ғылым академиясы әлеуметтік ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының ғалымдары бұрынғы КСРО елдерінің тарих оқудықтарында Ресейдің негізінен отаршыл мемлекет және қосылған территориялардағы халықтарға қысым көрсеткен агрессор ретінде атап өтілетініне көз жеткізді. Оның ішінде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан мектептерінің оқулықтарынан патшалы Ресей державасына тап осылай баға берушіліктер кездескен.
USD




