Навальная: Күйеуімді өлтірткен Путин сот алдында жауап береді

МЮНХЕН. 15 ақпан. Ресейлік саясаткер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуін өлтірткен Путин екені делденгенін, енді оның сот алдында жауап беретінін айтты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Саясаткер әйел Германияның Мюнхен қаласында күйеуінің химиялық затпен өлтірілгенін жаңа сараптамалық дәлелдер растайтынын мәлімдеді. Ол Мәскеудің айыптауларды жоққа шығаруына қарамастан, Ресей президенті Владимир Путиннің жауап беретініне үміттенетінін білдірді.
Алексей Навальный екі жыл бұрын Ресей түрме колониясында кенеттен көз жұмғаннан кейін оның кісі қолынан өлтірілгені бірден-ақ паш етілді. Оның шынында солай болғаны «бүгін ғылыми дәлелденген фактіге айналды», деді Юлия Навальная 14 ақпан, сенбі күні Мюнхен қауіпсіздік конференциясында.
Навальныйдың жесірі зерттеу нәтижелері жайлы өз ойын жеткізді.
«Мен тағы да мынаны айтқым келеді: Владимир Путин менің күйеуім Алексей Навальныйды химиялық қару қолдану жолымен өлтірді. Әрине, оның кәнігі кісі өлтіруші екені жаңалық емес. Дегенмен бізде қазір осыны тікелей дәлелдейтін айғақтар бар. Мен бір күні оның сотталушылар орындығында отыратынына және соңғы бірнеше жылда жасаған барлық істері үшін жауап беретініне шын жүректен үміттенемін», – деді ресейлік оппозиция жетекшісінің жесірі.
Ол Еуропаның бес елі сыртқы істер министрлерінің Кремльдің тапсырмасымен Алексей Навальныйдың эпибатидинмен (Оңтүстік Америка ағаш бақасының терісінен алынған немесе зертханада синтезделген жануарлардан алынатын өте улы зат) уланудан қайтыс болғаны туралы бірлескен мәлімдемесіне түсіндірме берді. Оның айтуынша, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд, Франция және Швеция зертханалары саясаткердің биоматериалдары үлгілерінен у іздерін өз беттерінше, бір-бірлеріне қатыссыз, бөлек-бөлек тапқан.






