Польша: Украинаның әлі үш жыл соғыса алатындай қауқары бар

ВАРШАВА. 15 қазан. Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорски Украинаның тағы үш жыл соғысуға даяр екенін мәлімдеді. Бұл туралы TRT ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Поляк ведомствосының басшысы 15 қазан күні Украинаның Ресейге қарсы кемінде тағы үш жыл соғысуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Саясаткер мұны «ақылға қонымды тиімді тәсіл» деп атап, осы үш жылда Ресейдің ыңыршағы айналып, қирап бітетінін баяндады. Осыған орай ол Еуроодақты Киевке әскери қолдау көрсету қарқынын қазіргіден еш төмендетпеуге шақырды.
«Біз [Ресей президенті Владимир] Путинді кем дегенде үш жыл бойына осы бағытты сақтауға дайынбыз деп сендіруіміз керек», – деді Сикорски. Оның айтуынша, Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізу оның аумағын ғана емес, бүкіл Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болып тұр.
Поляк дипломатиясының басшысы сондай-ақ егер Батыс елдері Украинаға қолдау көрсетуін әлсірететін болса, Ресейдің «Еуропаға сұрапыло соққы беруге» қабілетті екенін ескертті.
Министр АҚШ президенті Дональд Трамптың алыс қашықтыққа ұшатын «Томагавк» қанатты зымырандарын Киевке беруді мақұлдайтынына үміт білдірді.
Бұған дейін Ақ үйдің қожайыны егер қақтығыс дипломатиялық жолмен шешілмейтін болса, АҚШ-тың Украинаға зымыран жіберуге дайын екенін мәлімдеген. The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, америкалық лидер қазірдің өзінде барлау агенттіктері мен Пентагонға Ресей аумағына соққы беруі үшін Киевпен барлау мәліметтерін бөлісіп тұруға рұқсат берген.
Алайда «Томагавк» зымырандарын жеткізуге қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бұл мәселе Трамптың 17 қазанда Ақ үйде Украина президенті Володимир Зеленськиймен кездесуінде басты мәселе болады деп күтілуде.
Варшава Батыстың «соғыстан әзір шаршай» қоймайтынына сенім білдіреді.
«Еуропа өз мақсаты жолында табандылық көрсетіп, Мәскеудің уақыттан ұтуына жол бермеуі керек», деп есептейді Сикорски. Ол Польшаның Еуроодақтың шығыс қапталының қорғанысын нығайтуға бағытталған кез келген іс-әрекетті, соның ішінде Ресеймен бүкіл шекара бойында «ұшқышсыз ұшқыш қабырға» құруды қолдайтынын айтты.
Алайда қазір Еуропа үкіметтерінің көңіл күйлері құбылмалы болып тұр. Соңғы кездері Украинаға әскери көмектің күрт төмендеп кеткені байқалуда. Киль әлемдік экономика институтының мәліметі бойынша, жеткізілім шілдеден тамызға дейін 57 пайызға қысқарып кеткен. Сарапшылар көрсеткіштің төмендеуін Еуроодақ елдеріндегі ішкі саяси қайшылықтармен байланыстырады.
Кремль бұған дейін Батыстың қару-жарақ жеткізуі тек «қақтығысты ұзартады» және шиеленісу қаупін арттырады деп мәлімдеген болатын. Мәскеу «келіссөздерге ашық» екенін, бірақ сонымен бірге ұзаққа созылатын ұрыс қимылдарына да дайын екенін айтты.






