Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Қазақстанда дәрігерлердің айлық жалақысы үш есеге жуық өсті

АСТАНА. 8 қазан. Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы мен денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың көлемі үш есеге жуық артып отыр. Бұл  туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде соңғы жеті жылда Қазақстанда дәрігерлердің орташа жалақысы 2,5 есеге өсті.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кеше өткен Үкімет отырысында осының жайын баяндады.

Министрдің айтуынша, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) іске қосылғаннан кейін салалық қаржыландырудың орташа жылдық қарқыны 2 есеге өсіп, инвестициялардың артуына да ықпал еткен.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде сақтандыру үлгісі бойынша жұмыс істейтін елдердің үздік тәжірибелерін ескере отырып, ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС пакеттерінің қайта реттеу жүргізілді. 2027 жылға қарай МӘМС қаражаты салалық шығыстарының негізгі қаржыландыру көзі болады. Саланы қаржыландыруды ұлғайту халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға тікелей әсер етті. Мәселен, соңғы 7 жылда бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге ұлғайды. Бұл ретте медицина персоналының орташа жалақысы шамамен 2,5 есе өсті», — деді Ақмарал Әлназарова.

Министрлік халықты медициналық қызметтермен қамтуды кеңейтуге бағытталған ауқымды жұмыс атқаруда. Оның ішінде созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау жетілдірілді, МСАК (медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету) дәрігерлерінің қабылдау уақыты ұлғайтылды, жоспарлы қабылдаулар енгізілді, мейіргерлік практика өкілеттіліктері кеңейтілді. МСАК жанынан жедел жәрдем кабинеттері ашылды.

Скринингтер (медициналық тексерулер) егде жастағы адамдар үшін (76 жасқа дейін), тиімді әрі сезімтал сынамалар есебінен жақсартылды, ми қан айналым бұзылуларын ерте анықтау мақсатында скринингтердің жаңа түрлері енгізілуде.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button