Путин Украина аумақтарын басып алуды «әділетті шайқас» деп атады

МӘСКЕУ. 1 қазан. Кремль диктаторы Владимир Путин өзінің Украинаға қарсы ашқан басқыншылық соғысын «әділетті шайқас» деп ақтап алмақшы болып отыр. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей көшбасшысы РФ армиясы украин жерінде жүргізіп жатқан оккупациялық соғысты әділеттілікті қалпына келтіру үшін қолға алынған ұрыс қимылдары дегенге келтірді. Ол осы аннексияның үш жылдығына арналған мәлімдемесінде Ресей армиясының 2022 жылы 24 ақпанда бастап кеткен сұрапыл соғысын Украинаның шығыс облыстарында отырған тұрғындардың «таңдауын қорғау үшін» жасалған «әділетті шайқас» деген уәж айтты.
Ресей Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының «Отанымен, Ресеймен бірге болғысы келетін» тұрғындарының «таңдауын қорғау» үшін Украинада «әділ шайқас» жүргізуде. Ресей президенті Владимир Путин өзінің қыркүйектің 30-ы күнгі видеоүндеуінде осылай деді.
Узурпатор сонымен бірге 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей аннексиялап, басып алған Украина облыстарының тұрғындары әлі де «көптеген шын мәнінде өзекті, өзекті мәселелермен» бетпе-бет келіп отырғанын мойындады. «Олардың ішінде әрбір адам үшін ең өзекті, өмірлік маңызды мәселелер, мысалы, сенімді сумен қамтамасыз ету, сапалы медициналық көмекке қол жеткізу және тағы басқалар бар», – деді Кремль көсемі.
The Moscow Times интернет-басылымының мәліметінше, «Ресей қазіргі уақытта Донбасстың шамамен – 88% және Запорожье мен Херсон облыстарының – 73%, жалпы Украина аумағының шамамен 20% -ын басып алған».
Берлинде орналасқан Global Public Policy Institute (GPPI) талдау орталығының сарапшысы Юлия Фридрихтің зерттеуіне сәйкес, Ресей басып алған аумақтардың тұрғындарына қысым жасалып, Ресейдің паспорты жоқтардың оккупациялық өмірлерін қиындатуда, тіпті күн көруді мүмкін емес етіп қойған. «Ресей оккупациясы бастапқыда кейбір жерлерде хаостық болса да, украин ұлтының бірегейлігін жоюға, демографиялық жағдайды біржола өзгертуге және Украина аумақтарын Ресейдің әкімшілік және экономикалық құрылымдарына қайтарымсыз жолмен біріктіруге бағытталған нақты стратегия ұстанды», – деп атап өтті Фридрих.
Өз кезегінде Еуропа хабар тарату одағының аясындағы бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарының журналистер тобы «Оккупацияланған Украинаны орыстандыру» атты зерттеуінде Украинаның Ресей басып алған аймақтарының тұрғындары азаптау, мәжбүрлеу, мәдени ассимиляция жасау және әскерге тәуелді ету сияқты шындық сипатында өмір сүріп жатқанын жазады. Ең сұмдығы сол, Біріккен Ұлттар Ұйымының бағамы бойынша шамамен 11 миллион адам тұратын аумақта Ресей мен оккупациялаушы билік тамақ, білім беру, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау және өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге, сондай-ақ зейнетақы мен мүлікке қол жетімділік секілді негізгі мұқтаждықтарды Ресей билігімен және олардың Ресей паспортын алуларымен байланысты етіп қоятын жүйе құрды.
Суретте: Ресейдің кезекті соққысынан кейінгі Киевтің бір бөлігі






