Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды

ЗАГРЕБ. 20 қыркүйек. Хорватия астанасына өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында қызылордалық Айдос Сұлтанғали чемпион атанды. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Біріншілікте 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айдос Сұлтанғали финалдық белдесуде өзбекстандық Алишер Ганиевті 9:0 есебімен ұтты. Осылайша біздің палуан Қазақстанның грек-рим күресінен XXI ғасырдаға алғашқы алтын медалін қанжығаға байлады,
Қазақстан араға 26 жыл салып, грек-рим күресінен әлем чемпионатының бас жүлдесіне қол жеткізді.
Бұған дейін грек-рим күресінен Афинада 1999 жылы отандасымыз Мхитар Манукян (63 кг) алтын жүлдегер атанған. Осы аралықта Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Қорлан Жақанша, Ержет Жарылқасын сынды бозкілем шеберлері бас жүлдеге бір табан жақын болды. Жалпы алғанда, Айдос Сұлтанғали егемендік алғаннан бері күрестің осы түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалында күрескен оныншы қазақ палуаны болып отыр.
Біздің анықтама
Айдос Сұлтанғалиұлы Сұлтанғали Қызылордада 1996 жылы 7 ақпанда туған. Грек-рим күресінің палуаны. Бұған дейін екі рет (2018, 2022) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Азия чемпионы (2021).
Айдос Сұлтанғали Қызылорда қаласында тұрады. Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Юн мен Ғабиден Райымбектің қол астында жаттығады.
Ол Азияның кадеттер арасындағы күміс жүлдегері (2012), Азияның кадеттер арасындағы (2013) және жасөспірімдер арасындағы (2016) чемпионы, сондай-ақ Азия ойындарының жабық баспана мен жауынгерлік шайқас өнерінің қола жүлдегері (2017). Әлемнің 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы чемпионы (2017).






