ТҮРКІСТАН. 16 қыркүйек. Түркістан облысында ер кісі төрт бала тапқан әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынан өзі дарға асылып қалған. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Күллі Түркістан облысын адамды айуандықпен өлтіру оқиғасы дүр сілкіндірді. Ер кісі алдымен жұбайын балғамен ұрып өлтіріп, соңынан өзін де қарап еткен. Ол өз әрекетін түсіндіру мақсатында аудиожазба жазып қалдырып, жұбайы көзіне шөп салғанын, мұндай қадамға сол үшін барғанын баяндапты.
Қанды оқиға облыстың Сайрам ауданындағы «Қарамұрт» ауылында болған. Оның кезінде айқайлаған дауыс шықпаған. Балалар үйдегі жантүршігерлік ахуалды таңертең ғана көрген. Мұны мектепке жиналған 13 жастағы қыз байқап қалған. Ол аулада қанға боялып жатқан анасын көріп айғай салғанда, көршілері жетіп келген.
Осылайша бір сәтте төрт бала жетім қалды. Олардың үлкені 13-те болса, ең кішісі 4-те ғана екен. Олар қазір бейімдеу орталығында жатыр.
Марқұм әйелдің ағасы Мырзакерім Мырқадиевтің айтуынша, келіншектің басы мен бетінде сау жер қалмаған. «Басынан балғамен ұрып, шаштарын жұлып тастаған. Бетін тану мүмкін болмады», – дейді ол.
Әпкесі Мухаббат Мырқадиева да марқұмның денесін жуған сәттегі қорқынышты көріністі жеткізді. «Шаштары қанмен қатып қалған, бетін танымай қалдық. Денесінде жарақаттан аман жер болмады», – дейді ол.
Оқиға түнгі бір шамасында өрбісе керек. Таңғы уақытта тұңғышы әкесін іздегенде оның телефоны дәретханадан шығып жатқанын естиді. Сол жерден әкесінің асылып тұрған денесін табады. Ер адам соңғы сөзін диктофонға жазып қалдырған. Онда ол қызғаныштан осындай қадамға барғанын айтқан.
Туыстарының пікірінше, күйеуінің айтқан сөзі еш дәлелсіз, қауесетке негізделген.
Үйдің егесі – 56 жастағы ер кісі ешқайда жұмыс істемеген, тек әйелін қызғанумен жүрген. Ал әйелдің жасы 45-те екен.
Полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Суретте марқұм әйел бейнеленген.
USD




