«Қайрат» Глазгода «Селтикпен» ойында зор сенсация жасады

ГЛАЗГО. 21 тамыз. Түнде Чемпиондар лигасы плей-офф раундының бірінші матчында «Селтикпен» кездескен Алматының «Қайраты» тең нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Vesti.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Селтик» – «Қайрат» 0:0
20 тамыз. Глазго. «Селтик Парк» стадионы. Арбитр: Эспен Эскос (Норвегия).
«Селтик»: Каспер Шмейхель, Алистер Джонстон (Энтони Ролстон, 35), Кэмерон Картер-Викерс, Лиам Скейлс, Киран Тирни (Остон Трасти, 77), Беньямин Нюгрен (Син Ямада, 77), Каллум Макгрегор, Рэо Хататэ, Джеймс Форрест (Арне Энгелс, 71), Адам Айда (Ян Хен Чжун, 46), Дайдзэн Маэда.
«Қайрат»: Александр Заруцкий (Темірлан Анарбеков, 75), Александр Мрынский, Егор Сорокин, Александр Мартынович, Дан Глейзер, Еркін Тапалов, Валерий Громыка, Офри Арад, Эдмилсон Сантос (Рикардиньо, 83), Дастан Сәтбаев, Жоржинью.
Ескертулер: Александр Мартынович (6), Каллум Макгрегор (26), Киран Тирни (31), Дан Глейзер (31), Дастан Сәтбаев (90+11).
Мамандар Шотландия байтағында тіркелген бұл нәтижені меймандар үшін зор сенсация болды деп бағалап жатыр.
Глазгодағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Алматылықтар бірінші таймның 11-минутында тіпті гол соғып та кете жаздады. 17 жасар шабуылшы Дастан Сәтбаевтың қарсыластар айып алаңына кіріп тұрып, қақпа алаңынан көлбеу жіберген добына бәрінен бұрын жеткен команда капитаны Александр Мартынович оны тордың төрінен бір-ақ шығарып еді, бірақ қапталдағы төреші гол офсайд жағдайында соғылды деп, санатпай тастады.
«Селтик» өз алаңында өткен кездесуде анық фаворит саналды. Дегенмен оның ойыншыларының жасыл алаң төсінде еркін көсілуіне Рафаэль Оразбақтиннің жігіттері жол бермеді. Қайраттықтар қарсыластарынан бір де төмен көрінбеді. Матчтың басында олар қайта тізгінді өз қолдарына ұстап, біраз уақыт үстемдік танытты.
Жалпы, бірінші таймның қорытындысында алматылықтар – бес, ал алаң иелері екі рет дарбазаға қарай туралап соққы жаасады.
«Алматылықтар Глазгода қарсыластарының өз күшті жақтарына көрсетулеріне жол бермеді, – деп жазды Ресейдің «Футбол на Куличках» ресурсы. – «Селтиктің» 90 минут ішінде көрсеткендері оншалықты көп болмады, қиқулап отырған стадион да қонақтарды естен тандыра алмады. Бұған қоса, бірінші таймда меймандар қауқарлырақ көрінді». «Қонақтар сапынан Дастан Сәтбаев бірнеше рет орта жолдан допты кесіп тоқтатып үлгеріп, шабуылды керемет қыздырып тұрды, – деп баяндады таблоид бұдан ары. – Сондай эпизодтардың бірінде Офри Арад допты қақпаның алыс бұрышы жанынан жіберді. Алаң иелері допты көбірек ұстады, олар таң қаларлық дәрежеде стандартты жағдайды көп жасады, алайда Мартынович пен Егор Сорокин айып алаңына әуелетіп берілген доптың бәрін алып қоя берді. Үзіліске дейін «Селтик» тек бір-ақ рет қана Дайдзен Маэданың көмегімен қақпаның жақын бұрышын көздей алды, оны Александр Заруцкий оңай қайтарды. Екінші таймның ең басында «Қайраттың» голкипері өз командасын Джеймс Форрестің соққысынан сақтап қалды. Алайда алматылықтар алаң иелерінің үзілістен кейін анық күшейе түскен қысымынан абдырай қоймады. Қонақтар мұның орнына кез келген сәтте тарпа бас салуға дайын тұрды. Ойынның алғашқы сағаты ішінде Эдмилсон Сантос алаңның ортасынан Шмейхельге қарай доп жөнелтті, бірақ ол маңдайшаның үстінен зу етіп өте шықты. Мұнда Брендан Роджерстің ойыншылар алмастыруы да ештеңе әкелмеді, ал Рафаэль Оразбақтин бар болғаны екі ғана рокировка жасады».
Интернет басылым Дастанды «вундеркинд» деп атап, оның ересектерге тән байсалды да сенімді ойынына зор баға берді. Расында 17 жасар форвард матчтың кез келген сәтінде жауапкершілікті өз мойнына батыл алып, еркін ойнауға ұмтылатындығымен мамандар көңілінен шықты.
Иә, екінші таймда шотландтар біршама белсенді ойнады. Олар осы тұста бірнеше қауіпті рейдтер ұйымдастырды. Ойынның тап осы бөлігінде алаң иелері шабуылшысымен ашық айқасқан қақпашы Александа Заруцкий жарақат алып қалды да, 75-минутта оның орнына алаңға Темірлан Анарбеков шықты. Таймның соңына қарай кореялық Ян Хен Чжунмен қақтығысып қалған оның өзі де басынан жарақат алды.
Арбитр кесімді тоқсан минуттық уақыт біткеннен кейін қосымша 10 (!) минут қосты. Осының соңында допты ысқырықтан кейін алаң сыртына қарай теуіп жіберген Дастан Сәтбаев аяқ астынан «сары қағаз» алып кетті. Осы үшін ол енді командалардың Алматыда өтетін қарымта матчына қатыса алмайды.
Қарымта матч 26 тамыз күні Орталық стадионда ойналады. Осында жеңген команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады. «Қайрат» сәтсіздікке ұшыраған жағдайда күзде Еуропа лигасының негізгі кезеңінде шайқасады.
Суретте: Дастан Сәтбаев шабуыл үстінде






