Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Ақтаңгер айтыс ақыны Серік Ыдырысов өмірден өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 31 шілде. Сыр бойы өнерінің бір бәйтерегі құлады: айтыстың ақтаңгері, белгілі ақын, термеші, композитор Серік Ыдырысов кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы Қызылорда облысы мәдениет басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бүгін айтулы айтыс ақыны, Қазақстанның өнер қайраткері, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы Серік Ыдырысов жүрек талмасынан жантәсілім етті.

Серік Махмұтұлы Ыдырысов 1958 жылы Қармақшы ауданының «Жаңақала» совхозында (кейінгі – Тәйімбет Көмекбаев атындағы елді мекен) туған. 1979 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты филология факультетінің музыка және тіл бөлімін бітірді.  Еңбек жолын туған ауылындағы өзі оқыған №185 қазақ орта мектебінде ән-музыка мұғалімі болудан бастады. 1982 жылы сол совхозға қарасты Қызылқұмның қиясындағы «Кекірелі» елді мекеніндегі мектепке жіберіледі. Ал 1985 жылы Павлодарда өткен республикалық айтыста жарқырап көрінгеннен кейін аудан орталығы – Жосалы кентіндегі №121 орта мектепке алдырылады. Кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқытушылық қызметке ауысады.

Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы алғашқылардың бірі болып марқұмның отбасы мен туған-туыстарын көңіл айтты.

«Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және басқармаға қарасты мекемелер ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, айтыстың ақтаңгері, ақын Серік Ыдырысовтың дүниеден өтуіне байланысты отбасының, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы жолдас болсын», – делінген мәтінде.

Белгілі жырау Майра Сарсенбаева әлеуметтік желіде: «Бір дәуір көшті, ағайын… Ағатайым, сенгім келмейді, жүре тұруыңыз керек еді ғой… Қамқоршым едіңіз, ақылшым едіңіз. Нағашы жұртым алыста болғасын маған өмір бойы нағашы болып едіңіз… Анама іні болып едіңіз. Не дейін, Аллам бұл дүниедегі жақсылықтарыңызды ана дүниеде сауаптан жазсын… Сенгім келмейді…», – деп жазды.

Бұдан кейін белгілі айтыскер, Н. Бекежанов атындағы драма театрының директоры Мұхтар Ниязов Facebook желісінде: «Серік ағам-ай.. Бүкіл чат, әлеуметтік желі, телефон хабарлары жан-жақтан айтып жатса да сене алмадым.. Үйіне бардық.. Рас екен.. Жалған жалған екен… Секеңнің бойында жақсы қасиет өте көп еді. Бірақ үнемі асығыс жүретін. Бір жерге баруға асығады.. Бара сала бірден қайтуға асығады… Осы жолы қайтпас сапарға аттанды.. Бүгін ғана хабарласты.. «Осы айдың ортасына Аманжол інім айтысқа шақырды, соған Нұрмат екеуің келіңдер, ақылдасайық.. Домбырамен шықтым, гитарамен шықтым, енді баянмен шығамын. Көрсетейін Серік Құсанбаевқа» деп өзіне тән қалжыңымен аяқтаған әңгімесін.. Дидар ғайып деген.. Бәрін ертеңге қалдыра береміз.. Ертең айтысқа баянмен шығамын деп жүрген Секең де баянсыз жалғаннан озып кетті.. Бұл кісі қанша ауырса да, тіпті басын көтере алмай тұрса да ештеңеден қалмайтын.. Көптің адамы еді.. «Үйде жалғыздан-жалғыз шошайып отыра алмаймын, басымды бір көтеріп кетсем кете беремін» дейтін.. Енді басын көтермейді.. Жалғызсырайтын болды.. Алла панасына алсын, жақсы амалы көп қой, жанына солар серік болсын!! Бақұл бол, аға…», – деген жазба қалдырды.

Осылайша арамыздан Алаштың тағы бір арда азаматы, өрелі өнер қайраткері бақилыққа аттанып кетіп бара жатыр.

Алла алдыңнан жарылқасын, Сәке! Жатқан жерің пейіштің төрі болсын.

Хабарлама

Абыз кеуде ақын Серік Махмұтұлы Ыдырысовпен қоштасу рәсімі 1 тамыз күні сағат 15:30-да, ал жаназа намазы 16:00-де Қызылорда қаласы, Ыдырысов тұйығы, 4-үйде өтетінін хабарлаймыз.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button