Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Ипотека нарығы: таңдау көп, қайсысы тиімді?

Маңызды мәселе

Баспана – әрбір адамның қажеттілігінің бірі. Қазіргі таңда өз үйіне қол жеткізу көпшілік үшін оңай шаруа емес. Осы орайда мемлекет тарапынан да, қаржы ұйымдары тарапынан да тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған түрлі ипотекалық бағдарламалар іске асырылып келеді. Алайда бұл жүйе халықтың әлеуметтік жағдайына, нарықтағы баспана бағасына және банктік талаптарға тығыз байланысты.

Ипотека – жай ғана несие емес, ол – адамның ұзақ мерзімдік қаржылық міндеттемесі мен болашағына салынатын инвестиция. Осы маңызды тақырып төңірегінде біз Тұрғын үй жинақ Отбасы банкінің кеңесші-лидері Жазира Жапармен сұхбаттасқан едік.

Жазира Әшірапқызы, еліміздегі ипотекалық бағдарламалардың қазіргі жай-күйі туралы не айтасыз?

– Қазіргі уақытта елімізде бірнеше мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар жұмыс істеп тұр. «Жаңа концепция», «Сыр жастары», «Наурыз» «Ұмай», «Асыл мекен» «Жасыл ипотека» «50-50 және 30-70» арқылы жүзеге асатын «2-10-20», «5-10-20»  сынды бағдарламалар халықтың әртүрлі санатына бағытталған. Әсіресе көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған топтарға арналған бағдарламалар тиімді. Халықтың сұранысына қарай бұл жүйелер үнемі жетілдіріліп отыр. Түсінікті болуы үшін айта кетейін бұрынғы «Бақытты отбасы, «Шаңырақ» бағдарламалары біріктіріліп, жаңаша бағытта  «Жаңа концепция»  атауына  ие болды.

– Осы  бағдарламалар төңірегіне кеңірек тоқталайықшы….

«Жаңа концепция» бағдарламасы туралы айтатын болсам бұл бағдарлама үйдің кезегінде тұрған жалпы санаттағы сондай-ақ І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі кісілерге және ерекше күтімдегі бала тәрбиелеуші жандарға және көп балалы аналарға арналған. Жылдық мөлшерлемесі  2 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз. Басқа санаттағы барлық үй  кезекте тұрған салымшыларымызға жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз, алғашқы жарна 10 пайыз жиырма жылға дейінгі мерзімде үй алуға мүмкіндік береді.

Жаңа концепция бағдарламасы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға бағытталған.Енді табысқа шектеу жоқ және бағдарламаға қатысушыны банк нақты сомамен шектемейді. Пәтер бағасына сай несие ала алады. Бұл – көптеген отбасыларға баспанаға қол жеткізудің біршама жеңіл жолын ұсынады.

«Жасыл ипотека» бағдарламасы – өзекті әрі заманауи шешімдердің бірі. Бұл бағдарлама арқылы салынған пәтерлер экологиялық және энергия үнемдеуші талаптарға сай келеді. Бастапқы жарна 20 пайыз, жылдық үстеме 12,5 пайыз 14  жылға. Бұл қазіргі нарықтағы тиімді ұсыныстардың қатарында. Ерекшелігі бағдарламаға қатысу үшін үміткердің атына бұрын баспана тіркелгені кедергі болмайды. Яғни, үйі бар азаматтар да «Жасыл ипотеканы» пайдалана алады. Сонымен қатар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында орналасқан  экологиялық стандарттарға сай үйлерден баспана алу мүмкіндігі жоғары.

– «Ұмай» бағдарламасы – әйелге деген қамқорлықтың, сенімнің және болашаққа жол ашатын игі жобалардың бірі. Оқырмандарға бағдарлама туралы кеңінен тарқатайықшы?

– «Ұмай» бағдарламасы әйелдердің баспана алу мүмкіндігін арттырып, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған ерекше жоба. Бұл бағдарлама 18 бен 65 жас аралығындағы ресми табысы бар әйелдерге арналған. Үй иесі атанғысы келетін нәзік жандар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Өйткені бағдарламаның шарттары тиімді әрі қолжетімді. Бастапқы жарна 15-20 пайыз, сонымен қатар несие мерзімі 25 жылға дейін созылады.

«Ұмайдың» ерекшелігі – қатысушының атында үйінің болуы кедергі емес, сондай-ақ бастапқы жарна ретінде зейнетақы қорындағы жинақты пайдалануға болады. Тіпті табысы жеткіліксіз әйелдерге қосалқы қарыз алушыларды тартуға да рұқсат беріледі. Бұл – тек үй алу емес, болашаққа салынған сенімді инвестиция.

– «Наурыз» бағдарламасының  қандай тиімділігі бар?

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы – көктеммен бірге үміт сыйлайтын игі бастама. Бағдарлама төмен пайыздық мөлшерлемесімен ерекшеленеді. Сонымен қатар бастапқы жарна 10-20 пайыз. Оны зейнетақы жинақтары арқылы өтеу мүмкіндігі қарастырылған, бұл әсіресе жинағы бар азаматтар үшін тиімді. Жобаға қатысу үшін соңғы 5 жылда өтініш берушінің немесе жанұя мүшелерінің атына тіркелген тұрғын үй болмауы тиіс. Несие сомасы бойынша шектеу бар. Ірі қалалар үшін – 36 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде – 30 млн теңгеге дейінгі үйді алуға болады.

– «50/50» бағдарламасының басты шарты не?

– Осы орайда «Отбасы банкі» ұсынып отырған 50/50 бағдарламасы тиімді әрі қолжетімді. Яғни, сатып алғыңыз келетін пәтердің 50 пайызын өз қаражатыңызбен жинап, қалған 50 пайызын банк жеңіл шартпен несиеге береді.

Бағдарлама  шарттары  бойынша таңдалған үй құнының жартысын банк депозитіне 3 жыл жинау қажет. Бұл жинақ белгілі бір уақыт ішінде бағалау көрсеткіші арқылы бақыланады. Көрсеткіш 16 балға жеткен кезде, банк автоматты түрде қалған жарты сомаға тұрғын үй несиесін ұсынады. Несие жылдық 5 пайызбен беріледі, бағдарлама 6 айдан 6 жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді. Ең басты артықшылықтарының бірі – табысты растамай-ақ несие алу мүмкіндігі бар. Бұл әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген немесе тұрақты табысы құжатпен дәлелденбейтін азаматтарға ыңғайлы. Мысал, егер үйдің жалпы құны 20 млн теңге болса, салымшы банкке 10 млн. теңге жинап қалған сомасын 5  пайыздық несиемен рәсімдеуге  болады.

«Асыл мекен» бағдарламасының басқа ипотекалық бағдарламалардан айырмашылығы неде?

– 2024 жылы іске қосылған «Асыл мекен» бағдарламасы – еліміздің ауылдық жерлерінде тұратын азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалған тиімді жоба. Бағдарлама «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады және негізгі мақсаты  шалғай елді мекен тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту. Бағдарламаға 18 жастан 64 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады. Несие мерзімі 20 жылға дейін, бастапқы жарна 10  пайыз.

– Ипотека рәсімдеу кезінде азаматтар жиі қандай қиындықтарға тап болады?

– Ең жиі кездесетін қиындық – төлем қабілетін растау. Көп жағдайда азаматтардың табысы ресми тіркелмеген немесе жеткіліксіз болады. Сонымен қатар бастапқы жарнаның сомасын жинау да қиындық тудырады. Құжаттарды дұрыс жинамау, несие тарихының нашар болуы да – ипотека рәсімін кешіктіретін немесе болдырмайтын негізгі себептер.

– Жастар арасында баспана алуға ынталылар көп. Олар үшін арнайы ұсыныстар бар ма?

– Иә, жастарға арналған «Жас отбасы», «Сыр жастары» сынды жеңілдетілген шарттағы бағдарламалар бар. Сонымен қатар «Отбасы банкінде» тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы бастапқы жарна жинау мүмкіндігі қарастырылған. Жастар ерте бастан шот ашып, жинақтап үйренсе, болашақта ипотека рәсімдеу анағұрлым жеңіл болады.

– Осы орайда « Сыр  жастары»  бағдарламасы  бойынша  берілетін  үйлер  дайын ба?

– Иә, қаламыздың сол жағалауынан үйлер дайын тұр. «Сыр жастары» бағдарламасы – өңірдегі жас мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы керек, тұрақты жұмысы және Қызылорда облысында тіркеуде болуы шарт. Сонымен қатар үміткердің төлем қабілеттілігі мен әлеуметтік белсенділігі де ескеріледі.

– Нарықтағы баспана бағасы мен ипотека пайызына қатысты пікіріңіз қандай?

– Баспана бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл құрылыс материалдарының қымбаттауымен және урбанизация үдерісімен тығыз байланысты. Ал ипотекалық пайыздар салыстырмалы түрде тұрақты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында пайыздық мөлшерлемелер 2-5 пайыздан басталады, бұл – өте тиімді көрсеткіш. Алайда нарықтағы бағалардың өсуі қарапайым халық үшін қолжетімділікті төмендетіп отыр.

– Ипотека рәсімдеуге шешім қабылдаған азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, табысыңызды мұқият жоспарлаңыз. Ипотека – ұзақ мерзімді міндеттеме. Құжаттарыңызды ретке келтіріп, бастапқы жарнаны ерте жинай бастаған дұрыс. Ең бастысы – асығыс шешім қабылдамаңыз, бірнеше банк пен бағдарламаны салыстырып барып таңдау жасаңыз.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды жаңалықтардың бірі – Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат. Бұл қаржыны үй алу мақсатында пайдаланудың алғышарттарын  айтып өтсеңіз?

– Бұл қаражатты 18 жасқа толған соң, бала тек екі мақсатта пайдалана алады. Біріншісі – ақылы оқуын төлеу, екіншісі – тұрғын үй сатып алу. Бұл – баланың болашағына салынған сенімді инвестиция. Егер бала мемлекеттік грантпен білім алуға мүмкіндік алса, оның атынан Тұрғын үй жинақ Отбасы банкінен шот ашып, сол қаржыны алғашқы жарна ретінде үй алуға пайдалана алады.

Алаяқтар арбаған заманда кеңесші ретінде салымшыларға айтарыңыз  болса…

– Қазіргі таңда адамдардың сеніміне селкеу түскен уақытты бастан кешіп жатырмыз. Әсіресе тұрғын үй алуға байланысты үміт пен арман араласқан сәтте, алаяқтардың арбауына түсіп, бар жиған-тергенінен айырылып қалған азаматтар аз емес. Біреудің өкініші – өзгеге сабақ болуы керек. Сондықтан менің кеңесім – баспана алуды жоспарлаған әрбір азамат ең алдымен тексерілген, сенімді, ресми тіркелген мамандар мен кеңесшілерге ғана жүгінгені дұрыс. Құжаттарға мұқият қарап, банк немесе бағдарлама туралы нақты мәліметтерді тек ресми көздерден алған абзал. Білікті кеңесші сізге тек тиімді нұсқаны ұсынбайды, сонымен қатар сізді қауіптен де қорғай алады. Асығыстық – алданудың басты себептерінің бірі екенін де ұмытпаған жөн.

– Жазира Әшірапқызы, ендігі сауалды жеке өзіңізге бағыттағым келіп отыр. Бұл салада қанша жылдан бері  жұмыс жасайсыз?

Бұл салаға 2017 жылы келдім. Көзді ашып-жұмғанша сегіз жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинадым. Еңбегім еленіп, түрлі марапаттарға ие болдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жетістігім деп есептеймін. Бірақ ең басты марапатым – әрбір кеңесімнен кейін өз баспанасына қол жеткізген адамдардың алғысы. Алдағы уақытта да «Отбасы банкінің» салымшыларына бағыт-бағдар беріп, әр қазақтың үйлі болуына үлес қоса бергім келеді.

Қорыта айтқанда, баспанаға қол жеткізу – маңызды шешім. Ал бұл жолда білікті кеңес пен нақты ақпарат ауадай қажет. Сұхбаттасу барысында кеңесші маман айтқан ұсыныстар мен ескертулер әрбір азамат үшін пайдалы боларына сеніміміз мол.

Баспана – біреудің арманы, біреудің бизнесі, ал алаяқтар үшін оңай олжа көзі болуы мүмкін. Осындай жауапты қадамда азаматтар сақтық шараларын ескергені дұрыс.

Сұхбаттасқан Зибаш  ӘЛИ,

ҚЫЗЫЛОРДА

 

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button