Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Жүрекке үміт сыйлаған

Ақ халат – бұл жай ғана қызметтік киім емес. Бұл – жан мен жүректің тазалығының, жауапкершілік пен адалдықтың нышаны. Сол ақ халатты адал атқарып жүрген жандардың бірі – жоғары білімді, жоғары санатты мейірбике Перизат Базарова. Ол – өз мамандығына шын берілген, жан жылуын адам өмірін сақтауға арнаған ерекше тұлға.

1981 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданына қарасты Жұбан Молдағалиев атындағы совхозда дүниеге келген Перизат бала күнінен-ақ адам жанына араша болуды армандады. 1998 жылы өзі оқыған Талап орта мектебін тәмамдап, Алматы қаласындағы «Аяжан» медицина колледжіне оқуға түседі. Осы сәттен бастап оның арманы нақты мақсатқа айналды. Колледж қабырғасында алған білімі мен алғашқы тәжірибесі оны кәсіби жолға дайындады. Кейін жоғары медициналық білім алып, білімін тәжірибемен ұштастырды.

2004 жылы дипломын қолына алғаннан кейін елорда – Астана қаласына аттанып, сол жылдың 1 қыркүйегінде Ұлттық ғылыми медицина орталығының филиалы – Кардиохирургия клиникасының жансақтау бөліміне мейірбике болып жұмысқа орналасты. Осы бір күннен басталған кәсіби жолы бүгінде 21 жылға ұласты. Ол – осы уақыт аралығында бір ғана ұжымда, бір ғана бөлімде адал еңбек етіп келе жатқан, тұрақтылық пен сенімділіктің үлгісі.

Мейірімді мейірбикенің жұмыс орны – жан сақтау бөлімі. Бұл – адам өмірінің қыл үстінде тұрған сәттері өтетін өте жауапты бөлім. Мұнда әрбір секунд маңызды, әрбір шешім – тағдырмен тең. Осындай ортада қызмет етіп жүріп, Перизат өзінің сабырлылығы мен кәсіби шеберлігі арқылы талай адамның үмітін жалғады. Ол науқастардың жай ғана физикалық жағдайын емес, рухын да көтере алатын жан. Оның жымиысы – сенім ұялатады, жанға жылу береді. Перизат үшін мейірбике болу – жай ғана кәсіп емес, бұл – жүрек қалауымен таңдалған өмір жолы.

Ол өзінің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырды. Жылдар бойғы еңбегінің, үздіксіз ізденіс пен тәжірибенің арқасында ол жоғары санатты мейірбике атанды. Білімі мен іс жүзіндегі тәжірибесін үйлестіре отырып, ол тек қана науқастарға көмек беріп қана қоймай, жас мамандарға да тәлімгер бола білді. Ұжымындағы әріптестері Перизатты сабырлы, іскер, жауапкершілігі мол мейірбике ретінде жоғары бағалайды.

Кәсіби жолындағы адал еңбегі мен қажырлы қызметі үшін Перизат Төлепқалиқызы бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Ол Ұлттық ғылыми медицина орталығының арнайы медалімен және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттар – оның ұзақ жылғы еңбегінің лайықты бағаланғанының дәлелі.

Кейіпкеріміз тек қызметте ғана емес, өмірде де бақытты жан. Перизат Базарова – ардақты ана, сүйікті жар. Жолдасы Ерболат екеуі сыйластық пен махаббатқа негізделген шаңырақ көтеріп, Алтын есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Қыздарына жақсы тәрбие, биік құндылықтарды үйретіп, өнегелі өмір сүріп жатқан үлгілі отбасы бүгінде көпке үлгі.

Күн сайын таңмен таласа оянып, ақ халатын киіп, адам өміріне араша болуға бет алған бұл жанның еңбегі – үлкен ерлік. Бірақ ол ешқашан бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Бұл – оның өмірлік ұстанымы, бұл – жүрегінің таңдауы.

Перизат Базарова – көлеңкеде жүріп жарық сыйлайтын жандардың бірі. Оның адалдығы, жан жылуы, кәсібіне деген махаббаты әр әрекетінен, әр сөзінен сезіледі. Ұстаз бола жүріп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өзінің бай тәжірибесін бөлісіп

Бүгінгі таңда ол тек бір ұжымның емес, еліміздің медицина саласындағы мақтанышқа лайық мейірбикелердің бірі. Оның 21 жылдық табанды еңбегі – мыңдаған жүрекке үміт сыйлаған, жүздеген жанды өмірге қайта әкелуге себеп болған үлкен өмір жолы.

Осындай жандар барда ақ халаттың абыройы ешқашан аласармайды. Осындай жандар барда үміт сөнбейді.

Жансая НҰРҚОЖА,

Астана

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button