Испания билігі Назарбаевтың қызынан көшені қайтарып алды

МАДРИД. 19 шілде. Испания билігі Нұрсұлтан Назарбаевтың қызынан Льорет-де Мардағы көшені қайтарып алды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Азаттық» радиосының мәліметінше, Назарбаевтар әулетінің вилласы бұл жердегі жаяу жүргіншілер жолын жауып тастаған екен.
2023 жылы вилланың жанына 100-ге жуық тұрғын наразылық білдіріп жиналады. Кейбірі қоршауды бұзады. Наразылық акциясына қатысушылар жаяу жүргіншілер жолын ашуды талап етеді. Олар ақырында Барселона қаласында орналасқан Каталония Жоғарғы сотына шағым түсіреді.
Сөйтіп, 2023 жылдың тамызында Каталонияның Жоғарғы соты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасын жағалау жолы учаскесін ашуға міндеттеді. Назарбаевтың отбасына тиесілі Сan Juncadella вилласы туристердің соқпақ арқылы өтуіне кедергі келтірген. Бұл мүлік Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваға тиесілі болатын.
Испанияның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 38 мыңнан астам тұрғыны бар Льорет-де-Мар қаласының тұрғындары 2007 жылдан бері бұл мәселемен күресіп келе жатқанын жазды. Әрі ол маңайда қарулы күзетшілер жүретіні хабарланды. Нәтижесінде Каталонияның Жоғарғы соты жаяу жүргіншілерге арналған жол учаскесін ашуға шешім қабылдады.
Жылжымайтын мүлік Коста-Брава жағалауында орналасқан. Виллада 17 жатын бөлме, 25 ванна, түнгі клуб және тіпті шаштаразға арналған бөлме мен кинозал бар. Аймақ 20 гектар орман алқабымен қоршалған.
Айта кетейік, Динара Құлыбаеваға тиесілі ҚБТУ мемлекетке қайтарылды.






