ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Міндетіне адал мейірбике

Кішкентайынан ақ халат киіп, адамдарға көмек көрсетуді армандаған Гүлзада Мырзабекова бұл арманын жүрек қалауымен ұштастыра білді. Сол бала арман оны Қызылорда медициналық училищесіне алып келді. «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша білім алып, 1991 жылы Сырдария аудандық ауруханасында еңбек жолын бастады.

Алғашқы жұмыс орны жан сақтау бөлімі болды. Бұл – науқас өмір мен өлім арасында арпалысатын аса жауапты сала. Жаңа оқу бітіріп келген жас маман үшін бұл үлкен сын еді. Бірақ ол тайсалмады. Керісінше, тік тұрып, үлкен жауапкершілікті қабылдай білді. Бүгінге дейінгі тәжірибесі осы бөлімде қалыптасқан кәсіби шеберліктің, адам өміріне деген жанашырлықтың арқасында қаланды.

Уақыт өте келе аурухана ішіндегі түрлі бөлімшелерде еңбек етті. 2005 жылы ауруханада аға аяжан болып қызмет атқарса, кейін инфекциялық бақылау бөлімшесіне ауысты. Қай бөлімде болсын, ол кәсібіне адалдық танытып, науқастар мен әріптестерінің алғысына бөленді. Қазіргі таңда Гүлзада Басқынбайқызы аудандық емхананың жалпы тәжірибелік бөлімшесінде аға мейірбике ретінде қызмет атқарады. Бұл – жай ғана лауазым емес, үлкен жауапкершілік пен сенімнің көрсеткіші. Оның күнделікті жұмысы – тек ем-дом жасаудан бөлек, бөлімшенің жұмысын үйлестіру, жас мамандарға бағыт беру, медицина сапасының артуына үлес қосу.

Мейірбике мамандығы – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде жүректі талап ететін кәсіп. Мейірбикенің қолында адамның жай-күйі, көңіл күйі, кейде тағдыры тұрады. Мейірім мен кәсібилікті бір арнаға тоғыстыра білген жан ғана бұл жолда табысқа жете алады. Гүлзада апай осы екі қасиетті бойына сіңіре білген жан. Науқаспен тіл табысу, жылы сөзбен демеу болу, дер кезінде дәрі-дәрмегін жасау – бәрі күнделікті әдетке айналған. Бірақ бұл жай әдет емес, жүрекпен жасалатын іс.

Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып жүрген Гүлзада Басқынбайқызы ұжым ішінде де, аудан көлемінде де белсенді азаматтардың бірі саналады. Түрлі бастамалар мен денсаулық сақтау саласына қатысты іс-шараларда ұдайы бой көрсетіп, тәжірибесін бөлісіп отырады. Ол Тереңөзектегі №155 сайлау учаскесінің төрайымы деген қосымша қызметін абыроймен атқарып жүр. Бұл оның тек кәсіби білікті маман ғана емес, азаматтық ұстанымы бар, қоғаммен етене араласып жүрген жан екенін білдіреді.

Гүлзада апай отбасында да бірлік пен берекенің ұйытқысы болып отыр. Аяулы ана, ардақты жар, сүйікті келін ретінде көпшілікке үлгі. Үлкен қызы кәсіпкерлікпен айналысса, кіші қызы балабақшада мейірбике болып жұмыс істейді. Қызы анасының жолын қуып, өзі де адам жанына шипа дарытып жүрген мейірбике атанған. Бұл – ең үлкен жетістік. Өйткені бір адамның өмірлік таңдауы ұрпағына үлгі болып, мамандыққа деген сүйіспеншілікті оята алса, бұл сөзсіз тәрбиенің нәтижесі.

Отбасындағы осындай үйлесім мен тәрбиенің түп-төркіні ананың жүрегіндегі мейір мен еңбекқорлықта жатыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз дәл осындай отбасыларға арналғандай. Бұл жерде тек медициналық тәжірибе ғана емес, адамгершілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық сынды қасиеттер де ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

Гүлзада Мырзабекова жай ғана еңбеккер емес, ол – денсаулық сақтау саласының көрінбейтін қаһармандарының бірі. Күнде аты аталмаса да, әр емделушінің алғысында, әрбір жазылып шыққан науқастың қуанышында оның үлесі бар. Осындай жандардың еңбегі арқылы ғана қоғам дені сау, ұлт болашағы берік болмақ.

Медицина саласында жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан мейірбикенің бүгінгі бейнесі – өз мамандығын сүйетін, адал еңбекпен биіктеген нағыз кәсіби тұлға. Қарапайым ғана басталған жол бүгінде үлкен сенім мен құрметке ие болған дәрежеге жетіп отыр. Ерен еңбегі үшін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғаны – оның маңдай терінің әділ бағасы.

Гүлзада апайдың өмір жолы – жастар үшін үлгі. Ол дәлелдеген бір шындық бар: шын ниетпен, адал еңбекпен істелген жұмыс ешқашан елеусіз қалмайды. Тек өз ісіңе деген махаббат, адамдарға деген жанашырлық пен мейірім қажет.

Мейірім – адам баласын адам ететін қасиет. Гүлзададай жандардың еңбегі елене берсін. Олар қоғамда көп болуы керек. Өйткені медицина – жай мамандық емес, ол – адам өміріне араша болар қасиетті жол. Ал сол жолда жүрекпен қызмет етіп жүрген мейірбикелер – нағыз халық қаһармандары.

Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button