Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Бакыде ұсталған ресейліктер төрт айға қамауға алынды

БАКЫ. 2 шілде. Әзербайжанда ұсталған «Sputnik Азербайджан» агенттігінің қызметкерлері соттың шешімімен төрт ай құлып астында отырады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бакы соты ұсталғандарды «есірткі контрабандасымен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған» деп тапты.

Ал Ресей билігі осы күні Екатеринбургтегі әзербайжан диаспорасының басшысы Шахин Шихлинскийді куәгер ретінде жауап алды.

Әзербайжан байтағы – Бакы қаласының соты 1 шілде, сейсенбі күні кешке ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген айыппен Екатеринбургте әзербайжан диаспорасы өкілдерінің көптеп қамалуларына байланысты Бакы мен Мәскеу арасындағы қақтығыстың шиеленісуі тұсында ұсталған Ресейдің 8 азаматын сот жүзінде қамауға алды.

Сот Әзербайжан Ішкі істер министрлігінің талаптарымен келіскен, онда ресейліктер «Ираннан есірткі контрабандасы мен киберқылмыспен айналысатын екі ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болғаны» айғақталған. Сот залынан жарияланған фотосуреттер қамауға алынғандардың кейбірінің бетінде соққының ізі барын көрсетеді.

Ресейлік Telegram арналары бұған дейін ұсталғандардың кейбірінің кім екенін айтқан. Олар 41 жастағы IT-кәсіпкер Антон Драчев, 30 жастағы петерборлық бағдарламашы Дмитрий Безуглий және екатеринбургтік 35 жастағы турист Александр Вайсеро болып шықты.

Бұған дейін Әзербайжан күштік құрылымдары ресейлік «Sputnik Azerbaijan» насихат агенттігінің 7 қызметкерін ұстаған болатын. Олардың кейбіріне ақшаны сыртқа асыру, алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар тағылды, ал атқарушы директор Игорь Картавых пен бас редактор Евгений Белоусовты Әзербайжан билігі ФСБ-ның астыртын әрекет ететін офицерлері деп атады. Картавых пен Белоусов уақытша ұстау оқшаулағышына жіберілді.

Ресейде әзербайжан диаспорасы өкілдерін ұстау жалғасып жатыр. Екатеринбургте жергілікті әзербайжан диаспорасының жетекшісі Шахин Шихлинский ұсталды. Ол куәгер ретінде жауап алынып, бірнеше сағаттан кейін босатылды. Ал Воронежде күштік құрылымдар әзербайжан, қаладағы ең үлкен «Алексеевский» базарының тең иесі Юсиф Халиловқа тінту жүргізді. Әзербайжан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қақтығыс маусым айының соңында, ескі қылмыстық істерді тергеу аясында Екатеринбургте жүргізілген ауқымды тұтқындаулардан кейін тұтанған. Ұсталғандардың арасында тұтқынға алынғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған ағайынды Гусейн мен Зияддин Сафаровтар да бар. Әзербайжан бас прокуратурасы «қасақана кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, ер адамдардың өліміне Ресей қауіпсіздік күштерінің қызметкерлерін айыптады.

Әзербайжан сот-медициналық сарапшылардың қорытындысына сәйкес, 60 жастағы Гусейн Сафаровтың мұрны сынған, кеуде қуысы зақымдалған, шап аймағында көгерген, плевра мен өкпенің жыртылуы, сондай-ақ бауыры мен іш пердесінің жарақаттары болған. 55 жастағы Зияддин Сафаровтың бүкіл денесінде, соның ішінде бүйрегі мен жыныс мүшелерінде көптеген көгерген жерлер мен сызаттар болған. Оның бір қабырғасы жоқ, қалғандары сынған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button