Израиль Иранға қарсы әскери операциясын күшейтеді

ТЕЛЬ-АВИВ. 15 маусым. Израиль армиясы Ирандағы ауқымды операциясын кеңейтіп жатыр. Бұл туралы «Новая газета Еуропа» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Израиль премьер-министрінің кеңесшісі Дмитрий Гендельман осы жайында әңгімеледі.
«Соққылар барлау мәліметінің негізінде анықталған ондаған түйінді нысандарға беріледі, олардың қатарында баллистикалық зымырандарды ататын қондырғылар, әскери базалар мен стратегиялық инфрақұрылымдар бар. Израиль мемлекеті бізді жойып жіберуге ашықтан ашық ниет білдіріп отырған режимнің жаппай қырып-жоятын қару жасап шығуға жақын қалуына жол бере алмайды», – деп жазды ол.
Билік ел азаматтарын баспаналарға жақын болуға және снаряд түскен жерлерден фотолар мен видеолар жарияламауға шақырады.
Көп ұзамай Иранда жаңа жарылыстар орын алғаны жайында хабарланды. Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тебриз мұнай өңдеу зауытының маңайына шабуыл жасалған. «Израиль зымырандары Шығыс Әзербайжан (Тебриз орналасқан) мен Хоррамабадтағы (Лурестан облысы) нысандарға да соққы берді», деп хабарлайды Иранның Fars агенттігі.
Осы жағдайға орай Израиль Иранның ядро саласындағы 9 жетекші ғалымының өлтірілгенін атап өтті. «Жойылған ғалымдар мен сарапшылардың барлығы Иранның ядролық жобасында маңызды рөл атқарды және ядролық қару жасауда ондаған жылдар бойы тәжірибеге ие болды», – делінген онда.






