16 жасар Шерзат Полатты өлтірген жендеттер жазаларын алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. 5 маусым. Жетісу облысының орталығында өтіп жатқан сот отырысы Шерзат Полатты өлтіргендерге үкім шығарды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Судья Ержан Жанұзақов сот үкімін оқыды. Талғарлық Шерзатты өлтірді деген басты күдіктінің бірі Абзал Шынасылға 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Cудья екі ай бойы аптасына екі мәрте өткен бүкіл елдің назарында болған сотта Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотталушылардың үкімін оқыды.
Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі (кісі өлтіру), 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 24-баптың 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша – 23 жыл;
Равиль Сакиев – 99-баптың 2-бөлігі, 293-баптың 3-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі (кісі өлтіруге оқталу) бойынша – 20 жыл;
Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл;
Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі – 9 жыл;
Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Шыңғыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл;
Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, бұл оқиға қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, қызу талқыға түсті. Оқиға былтыр Талғарда 4 қазан күні болды. Бір топ адам, соның ішінде осы сотталушылар бар дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. 9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды. 12 қазан күні «Азат» ауылындағы марқұм болған Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті.