Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Танымал спорт журналисі Диас Ахметшәріп қайтыс болды

АҚТАУ. 22 мамыр. Белгілі спорт журналисі Диас Ахметшәріп қысқа мерзімдік науқастан кейін өмірден өтті. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Екі аптадан астам уақыт комада жатқан журналистің бүгін демі таусылды.

Ол 6 мамыр күні Ақтау қаласына іссаапармен барған жерінде құлаған еді. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның миына қан құйылып, жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған болатын.

Қазақ спорт журналистикасы қара жамылды. Саңлақтарымыздың әлемдік додалардағы жеңісін талай рет сүйіншілей хабарлаған спорт журналисі Диас Ахметшәріп небәрі 48 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды оның әріптестері жеткізді.

«Өте суық хабар! Ардақты бауыр, аға, құрметті әріптес Диас Советқалиұлы Ахметшәріп ағамыздан айрылып қалдық. Бақилық мекеніне аттанды», – делінген мәліметте.

Диас Ахметшәріп еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосында диктор болудан бастады. Ол бұдан кейін 2001-2003 жылдары «Хабар» телеарнасында спорт комментаторы болып істеді. Ал 2003-2013 жылдары Туризм және спорт агенттігі баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы, «Қазақстан» телеарнасының комментаторы болды. 2013-2014 жылдары жаңадан ашылған «KazSPORT» телеарнасының тұңғыш директоры, Insport телеарнасының бас редакторы қызметтерін атқарды. Содан соң 2014-2020 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі ретінде көрінді. 2023 жылдың қазан айынан Туризм және спорт министрінің қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі болып істеп келді.

Rast,kz редакциясы марқұмның жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Бақұл бол, Диас! Алла алдыңнан жарылқасын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button