Қызылордалық полицей әйелін терезеден лақтырып мүгедек етті

ҚЫЗЫЛОРДА. 15 мамыр. Қызылордалық полиция майоры өзінің жас келіншегін үйдің терезесінен лақтырып жіберіп, жарымжан етіп қойды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылордада полиция қызметкері аяғы ауыр әйелін соққыға жыққан. Сол күні майор шенін алып, оны жуған полицей үйіне қатты мас болып келген. Ал отбасында жанжал туып кеткеннен кейін әйелін ұрып-соғып, артынан буындырған. Келіншектің дыбыссыз қалғанынан оны үшінші қабаттан төмен қарай лақтырып жіберген. Шамасы, жұбайының дыбыссыз қалғанынан оны «өлтіріп алдым» деп қорыққан болса керек.
Бұрынғы полиция қызметкері осы үшін сот шешімімен 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол осы зорлық-зомбылығына байланысты әйеліне 9 миллионға жуық ақшаны моральдық шығын ретінде төлеуі тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін соттың қаулысын орындамаған. Orda.kz редакциясының тілшісі жапа шеккен Аруна Амановамен тілдесіп, жағдайын біліп қайтты.
Аруна Аманова мен майор Ж. 2019 жылы отбасын құрған. Қыздың айтуынша, күйеуі олар бірге тұра бастағаннан бір ай өткен соң ұра бастаған. Әрбір соққыдан кейін ол жылап, кешірім сұрайтын болған, ал Аруна отбасыны сақтап қалу үшін кешіре берген.
«2021 жылы оның соққысынан кейін мен ауруханаға түстім. Сол кезде полицияға арыз жаздым, бірақ ол кешірім сұрап, менің соңымнан жүгіріп жүрді. Мен болсам, баламыз үшін кешірдім», – дейді Аруна.
2022 жылдың 4 қарашасындағы сол қайғылы күні Аруна жұмыстан үйге оралып, ұйықтап қалған. Оның алдында ол күйеуімен ұрсысып қалған еді. Қыз оны көптен бері көзіне шөп салып жүр деп күдіктенетін.
«Түнгі үште күйеуімнің екі досы келіп, оны екі жағынан сүйемелдеп үйге кіргізді. 4 қарашада ол майор шенін алып, соны атап өткен. Ішіп алған, не болып жатқанын түсінбей тұрды. Оны диванға жатқызды, ал мен осы сәтті пайдаланып, телефонын ақтарып, опасыздығының дәлелін іздедім. Хаттарын тауып алдым да, оятып, телефонын бетіне тақап көрсеттім. Оятқаныма қазір қатты өкінемін. Сол сәтте ол боқтап, көзі қанталап кетті. Қатты қорықтым. Ол мені қайта-қайта ұра бастады», – деп еске алады Аруна.
Бір сәтте ер адам жатын бөлмеге киім ауыстыруға кеткенде, Аруна ас үйге тығылып қалған.
«Мен қараңғыда отырдым. Ол мені тауып алып, залға сүйреп апарды. Басымнан ұрды, шашымнан тартты. Есімде қалған соңғы нәрсе – ол мені тұншықтырып жатты. Содан кейін ғана мен сыртта, жер үстінде есімді жидым. Қасымда күйеуім мен досы тұр екен. Ол маған: «Неге секірдің?» деп сұрап жатты. Мен қандай секіру туралы айтып тұрғанын түсінбедім. Одан көмек сұрадым», – дейді қыз.
Аруна өзінің қалай құлағанын есіне түсіре алмайды. Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлеріне өзін құтқару үшін терезеден секіргенін айтқанын кейін ғана естіген. Бірақ мұны неге және қалай айтқанын өзі білмейді:
«Мен өлгім келмеді, бұны анық білемін. Мен өлгім келсе немесе одан қашу үшін секірсем, алдыммен құлар едім. Ал мен далада шалқамнан жатқан күйде ояндым. Мүмкін, олар мені қорқытқан шығар, мәжбүрлеген болар. Құлағаннан кейін болған жайттар есімде үзік-үзік қана. Әлі күнге дейін есіме түскен жоқ», – дейді ол.
Аруна анасына өзі терезеден секірмегендігін айтқаннан кейін анасы сотқа шағым түсірген. Бірақ күйеуі полиция қызметкері болғандықтан істі жауып тастаған.
«2023 жылы Бишімбаевтың ісі басталғанда анам қайта шағым түсірді. Салтанаттан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатты қарай бастады. Осы Бишімбаевтың арқасында тым болмаса бір жарым жыл алды. Біздің пәтердің жан-жағында камера орнатылған. Күйеуімнің әкесі отставкадағы военный солардың көмегімен сотта, тергеу кезінде барлық камера істемей қалған. Бірақ экспертиза бәрі дәлелденсе де оған ең жеңіл жаза тағайындады», — деді Аруна.
Сот үкімінде: «Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, оған 1 (бір) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК-нің 46-бабы 5-бөлігінің 1)-тармағына сәйкес, жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі белгіленсін. Асылбек Аруна Қанатқызы пайдасына қылмыспен келтірілген мүліктік зияны 4 054 181 теңге және мемлекет пайдасына 40 542 теңге мемлекеттік баж, моральдық шығын 5 000 000 теңге және мемлекеттік баж 1 531 (бір мың бес жүз отыз бір) теңге өндірілсін» деп жазылған.
Арунаның айтуынша сот орындаушылар тиісінше өз қызметтерін атқармай жатыр. Әлі күнге дейін ешқандай моральдық шығынның бір тиыны да өтелмегенін айтты.
Orda.kz редакциясының тілшісі сот орындаушылардың біріне хабарласып себебін сұрады.
«Менің өндірісімде Асылбек Ж.А.-ға қатысты Асылбек Арунаның пайдасына 5 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өндіру туралы атқарушылық құжат бар. Қазіргі уақытта сот шешімін орындау мүмкін емес, себебі борышкердің атына тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, сондай-ақ банктік шоттарында ақшалай қаражат жоқ. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 111-бабына сәйкес, бірінші кезекте алимент өндіру талаптары қанағаттандырылады. Борышкер Асылбек Ж.А.-ның жалақысынан алимент есебінен 50% ұсталып жатыр», — деді жеке сот орындаушысы Рүстем Балымбетов.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 115-бабының 3-тармағына сәйкес борышкердің жалақысының кемінде 50%-ы сақталуы тиіс.
Аруна осы оқиғаға дейін ұрған кезде көршілері полиция шақырған. Алайда түскен шағымға Арунаның күйеуінің досы келіп ештеңе жасамаған.
Ал сот кезінде куәлік еткен полиция қызметкері Арунаның атынан жалған құжат жасап сотқа көрсеткен. Құжатта:
«Мен Аруна өзім шу шығардым және сол үшін айыппұл төледім» деп қол қойғандығы көрсетілген.
Арунаның айтуы бойынша ешқандай құжат бермеген, ақша да төлеген жоқ.
«Бұл іс бойынша тергеу кезінде көршілері, туыстары, достары Арунаның денесі, көзі үнемі көгеріп жүретініне куәлік берді. Көршілері полиция қызметкері әйелін ұрғандығы жөнінде шағым қалдырған. Тіпті ондай жағдай көршілері полиция қызметкерлерін шақырған кезде қайталанған екен. Сот кезінде 110-бап, «Қинау» бойынша іс қозғауларын өтінгенмін. Азаптау дәлелденсе де назардан тыс қалып отыр. Қызылорда облыстық прокуратура ешқандай баға бермеді. Болашақта 110 баппен тағы да шағым түсіреміз», — деді Арунаның адвокаты Раджан Берсінбаев.
Оқиға кезінде Аруна жүктіліктің тоғызыншы аптасында болған. Ол сол түні сәбиінен аырылып, , әрі жүре алмай, арбаға таңылып қалды. Асфальтқа арқасымен құлап, омыртқасын сындырғаны белгілі болды. Қазір Аруна арбаға таңылған. Жүре алмайды, дәрігерлер де жазылып кететініне кепілдік бере алмай отыр.
Қазақстандағы құзырлы орган қызметкерлерінің осындай жеңіл жазамен құтылып кететіні көпті қынжылтады.
Аруна арбаға таңылғанына қарамай, ұлына жақсы ана болу үшін, ары қарай осы өмірге бейімделуге тырысып жатыр.