Путин Әлиевке хабарласып, ұшақ апаты үшін кешірім сұрады

БАКЫ. 28 желтоқсан. Бүгін Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке қоңырау шалып, AZAL ұшағының апатқа ұшырағаны үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Oxy.az дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Телефонмен әңгіме барысында Владимир Путин 25 желтоқсанда Бакы – Грозный бағыты бойынша сапар шегіп бара жатқан Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы ұшағының Ресей әуе кеңістігінде шабуылға ұшырағаны үшін кешірім өтініп, тағы да қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты, зардап шеккендердің тез сауығып кетулеріне тілек білдірді.
Президент Ильхам Әлиев Ресей әуе кеңістігінде Әзербайжан лайнерінің сырттан физикалық және техникалық шабуылға тап болғанын айта келіп, оның сосын амалсыз қазақтың Ақтау қаласын бетке алғанын, тек пилоттардың қаһармандығы арқасында ғана жолаушылардың жартысына жуығы аман қалғанын атап өтті. Мемлекет басшысы ұшақ фюзеляжында көптеген оқ тесіктері бар екенін, соның салдарынан жолаушылардың біразы ұшып келе жатқанда-ақ жарақат алып қалғандарын баяндады.
Әңгіме барысында Ильхам Әлиев бұл трагедияның барлық бүге-шігесіне дейін жан-жақты және салиқалы түрде тексеріліп, кінәлілерді жауапқа тарту керек екенін сөз етті. Ол Әзербайжан тарапының ұсынысы бойынша апатқа байланысты халықаралық сарапшылардан тұратын комиссия құрылып, іске кіріскенін айтты.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қайғылы оқиғаға байланысты жүргізілетін тергеу процесінің барынша ашық болатынын және оның көпшілікке сол заматында жеткізіліп тұратынын атап өтті.
Тағы бір атап өтетін жайт, Ресейдің Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Кадыров та бүгін Ильхам Әлиевке қоңырау шалып, сөйлескісі келетінін жеткізген еді. Бірақ Әзербайжан президенті бұл мәселе жөнінде мемлекет басшысы ретінде тек Путинмен ғана сөйлесетінін, ал онымен тілдесуге ықыласы жоқ екенін айтып, өзін орнына қойып берді.