Орыс генералын өлтірген күдікті ретінде өзбек азаматы ұсталды
МӘСКЕУ. 18 желтоқсан. Мәскеуде Ресей армиясы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен оның көмекшісін өлтірді деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл туралы «Коммерсантъ» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Олардың айтуларынша, құқық қорғау органдары «қылмыс орнында» бақылау камерасына түсіп қалған екі күдікті көлікке назар аударған. Сол күні кешке екі ер кісі қолға түскен. Күдіктілер бірден кінәларын мойындап, болған жайды айта бастаған.
«Коммерсантъ» мәнбесі атап көрсеткендей, терактіні ұйымдастырушылар мессенджерлер арқылы осы жігіттерге шығыg, Украина қауіпсіздік қызметінің байланысшысымен байланыстырған. Қылмыс іс жүзінде ізін суытпай ашылған.
Ресей тергеу комитетіндегілер іс бойынша Өзбекстанның 1995 жылы туған азаматы ұсталғанын баяндады. Ведомстводағылар атап көрсеткендей, қолға түскен жігіт тергеу кезінде өзіне қылмыс жасау үшін $100 мың көлемінде сыйақы ұсынылғанын және Еуропа одағы елдерінің бірінде тұруға мүмкіндік әперуге уәде берілгенін айтқан.
ФСБ-ның мәліметі бойынша, күдікті қолдан жасалған жарылғышты пайдаланған. Ол мұны Мәскеудің Рязань даңғылы бойындағы үйлерінің бірінің алдында тұрған электрлі самокатқа қойған. Сосын оның іске қосылуын бақылап тұру үшін каршерингілі автомобильді жалға алған. Сосын оқиғаның барысын тікелей эфирде Днепр қаласына көрсетіп тұру мақсатында оған Wi-Fi камерасын орнатқан. Ал Кирилловтің үйден шығып келе жатқаны жөнінде дабыл жеткеннен кейін күдікті жарылғыш қондырғыны іске қосқан.
Сөйтіп, 17 желтоқсан күні таңертең генерал Игорь Кириллов пен оның көмекшісі Илья Поликарпов жарылыс салдарынан оқиға орнында бірден қаза тапқан. Жарылыстың қуаты шамамен 1 кг тротил болған.
ВВС агенттігінің Украина қауіпсіздік қызметіндегі мәнбесі операцияныы осы қызмет ұйымдастырғанын жеткізген. «Кириллов украин әскерлеріне қарсы химиялық қару қолдануға бұйрық берген соғыс қылмыскері еді, сондықтан оны бұлайша өлтіру әрекеті заңды нысана болды. Украиндарды өлтіргендердің бәрін осындай абыройсыз өлім күтіп тұр» деп жазады басылым.
Алайда Украина президенті офисіндегілер Киевтің Кирилловті өлтіруге қатысы барлығын жоққа шығарды. «Украина террорлық форматтағы тәсілдерді қолданбайды», – деп мәлімдеді офис жетекшісінің кеңесшісі Михайло Подоляк.