Ресей билігі «русофобия» үшін қылмыстық жаза белгілейтін болып отыр
МӘСКЕУ. 23 қыркүйек. Ресей билігі тағы бір басқа сыймайтын сұмдық заң қабылдады: ол орыстарды жек көрген шетелдіктердің үстерінен қылмыстық жаза қолдануға берік бекінді. Бұл туралы «Интерфакс» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Министрлер кабинеті елден тысқары жердегі русофобия үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы заң жобасын қолдады», – делінген үкіметтің бұл құжатқа қатысты жауабында.
Ресей мемлекеттік думасы осылай орыс шовинизмі мен нацизмінің, яғни рашизмнің бар екенін заң жүзінде айғақтап шықты. Ол шет елдер жұртшылығын орыстарды жақсы көруге мәжбүрлемек болып отыр.
Заң шығарушылар русофобияны шетелдік шенеуніктердің орыстарды кемсітуі немесе оған қоғамдық деңгейде тиісуі деп түсінеді. Мұндай әрекеттерден «қорғау» тек ресейлік төлқұжаттардың иелеріне ғана емес, сонымен бірге орыс елінде «тұрақты тұратын» азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ шетелдегі «отандастарға», яғни заты орыстардың бәріне жүргізіледі деп жоспарлануда. Ресей соттары мұндай баптар бойынша сотталушылардың қатысуынсыз, сырттай үкім шығара бермекші.
«Руссофобияға» кінәлі адамдарға Ресейде «белгілі бір лауазымдарды атқаруға» немесе «белгілі бір қызметпен айналысуға» тыйым салынады. Бұдан бөлек ешқандай нақты мәліметтер берілмейді. Сонымен бірге, үкімет ұсынылып отырған жазаға қатысты түсініктеме бере отырып, оны іс жүзінде ояға келтірудің қиынға соғатынын, себебі әңгіме шетелде тұратын кісілер туралы болып жатқанын атап өтті.
Заң жобасын мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Ирина Яровая мен төменгі палатаның қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы Василий Пискарев дайындады. Русофобия мысалдарына жұмысқа орналасудан және медициналық көмек көрсетуден бас тарту, театрландырылған қойылымдар мен концерттерге тыйым салу, орыс тілін қолдануға шектеулер жатады.
Осы орайда Яровая тегін заңгерлік көмек көрсететін және русофобия құрбандарына сотқа шағым түсіруге көмектесетін арнайы кеңселер құруды ұсынып отыр. Алайда мұндай құрылымдардың қайда орналасатыны – ел ішінде ме, әлде шетелде ме, – әзірге белгісіз.
Мұның алдында президент Владимир Путин Ресей азаматтары мен шетелде тұратын «отандастарды» кемсітуге шақырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынған болатын. Ол «русофобияны» нәсілшілдікпен теңестіріп, «батыс элитасын» «халықтарды бірінші және басқа таптарға бөлді» деп айыптады.