Путин РФ әскері санын АҚШ армиясынан асырмақ болып аласұрып жатыр
МӘСКЕУ. 17 қыркүйек. Ресей президенті Владимир Путин Ресей армиясының сапын АҚШ Қарулы күштері қатарынан асып түсетін деңгейге дейін ұлғайтуға шешім қабылдады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның айғағы кеше, 16 қыркүйек күні Кремльдің құқықтық актілері ресми порталында жарияланған бір құжаттан көрінді. РФ диктаторы қол қойған сол жарлыққа сәйкес, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресей қарулы күштерінің штаттық құрамы 180 мың адамға өсіп, 2 миллион 389 мыңға жетуі тиіс, оның 1,5 миллионы тікелей әскери қызметкерлер болады.
Салыстыру үшін айта кетейік, қазіргі таңда АҚШ армиясының саны 2,1 миллион адамнан тұрады, шамамен, оның 1,3 миллионы әскери қызметкерлер болып есептеледі.
Мемлекеттік Думаның қорғаныс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Картаполов жарлыққа түсіндірме бере келіп, армия құрамын ұлғайту Ресейге «бұрынғы шетелдік әріптестері» тарапынан төнетін «қатерлерге» тезірек және тиімді жауап қайтарып тұруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол осы ретте Ресейдің Украинаға жасаған шабуылынан кейін өз қауіпсіздігінен қамтамасыз ету мақсатында НАТО-ға кірген Финляндияны мысалға келтірді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сондай-ақ қарулы күштер санының ұлғаюына Ресей шекарасының өн бойында «қатерлер» санының арта бастауының да қатысы бар екенін айтты. «Бұған батыс шекаралардағы шектен тыс дұшпандық әрекеттер мен шығыс шекаралардағы тұрақсыздық та себеп болды, сондықтан осындай шаралар қабылдауға тура келді», – деді Песков брифингте.